Шымкент орнықты экономикалық дамуға бет алған қала
Шымкенттің республикалық статусқа ие болуы шаһардың экономикалық дамуына оң ықпал еткені сөзсіз. Мәселен, үшінші мегаполис республикалық мәртебеге ие болған 4 жылдың ішінде қаланың бюджеті 4 есе көбейген. Соның ішінде бюджеттің жергілікті кірістері 2,5 еседей артқан.
Сондай-ақ осы төрт жылдың ішінде 1.5 трлн теңге инвестиция тартылған. Биыл да 500 млрд теңге инвестиция құйылады деп жоспарланған. Бұрын қалаға мұндай көлемде қаржы келмеген. Бүгінде Шымкент инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр.
Бұл жағдай қалада құрылыс, өнеркәсіп пен шағын-орта бизнестің дамуына жол ашты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылдан бері 60 пайызға өсіп, 785 миллиард теңгеден асқан. Осы мерзімде 2.6 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Оған қоса салық базасы кеңейтілді. Осының бәрінің арқасында қала бюджетінің жергілікті түсімдері де көбейді дейді мамандар.
«Қаланың 2022 жылға арналған бюджеті 573 млрд теңге болса, соның ішінде 200 миллиардтан астамын жергілікті түсімдер құрайды. Қалғаны республикалық бюджеттен келетін трансферттер мен субвенциялар. Менің ойымша, Шымкент республикалық бюджетке қол жайып отырудан құтылып, өз шығындарын өзі өтейтін, тіпті, ел экономикасын алға сүйрейтін ірі орталық болуы тиіс. Оған қажетті потенциал бар. Ал, сол әлеуетті қалай пайдаланып жатырмыз, қала экономикасын дамыту үшін әкімдік пен мәслихаттың және бизнестің бірлесіп істеп жатқан жұмысын қалай бағалауға болады дегенге келсек, жалпы бағыт дұрыс. Әрине, адами фактордың әсерімен орын алатын кемшіліктер жоқ емес, бірақ, әкімдіктің ұстанған бағыты дұрыс екенін жоққа шығаруға болмайды.
Мұның дәлелі ретінде қалада 3 индустриалды аймақтың құрылысы жүріп жатқанын айтуға болады. «Жұлдыз» индустриалды аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, құрылыс өнеркәсібі мен жиһаз жасау бағыттары дамыса, «Бозарық» индустриалды аймағы тамақ өнеркәсібіне маманданады. Ал, жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағында шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалады»,- дейді Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Альбина Елшиева.
Шымкентте 2025 жылға дейін жүзеге асатын инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Оған жалпы құны 2.6 трлн теңгенің 242 жобасы еніп отыр. Демек, Шымкент орнықты экономикалық дамуға бет алды деп айтуға болады.