Мұнай-газ химиясы саласына серпін берген кәсіпорын
«Оңтүстік» АЭА-да мұнай-химия бағытындағы метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіру жобасы іске асқан. Метил-трет-бутил-эфирі – октан санын ұлғайтуға пайдаланатын қоспа. Кәсіпорын жылына 57 000 тонна МТБЭ өндіреді. Кәсіпорын мұнай өнімдеріне жоғары стандартты қосымша қоспа өнімдерін дайындайды. Бұл – экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру және мұнай-газ химиясы саласындағы импортты алмастыру мақсатында қолға алынған әлеуетті жоба.
«Жылына өндірілетін 57 мың тонна МТБЭ ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен өтейді әрі экспортқа шығаруға да мүмкіндігіміз бар. Қазір 150-ге жуық жергілікті азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Барлық өндірістік процестер жолға қойылды. Бүгінгі таңда зауыт өнімдерінің басты тұтынушысы – Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Бұған дейін Еуро-4, 5 экологиялық сыныптарындағы жанармай өндіру үшін МТБЭ компонентін басқа жақтан сатып әкелетін. Қазіргі таңда импортқа, шеттен келетін өнімнің орнына біз өзіміз шығарып жатырмыз. Аталған қоспа бензиннің сапасын жоғарылатып, толықтай жанып кетуіне себепкер болады. Ауаға шығатын зиянды қоспаларды азайтады. Біздің өнім жоғары стандарттарға сәйкес жасалған. Қазіргі шығарып жатқан өнімнің нақты тазалық сапасы – 98,23 пайыз. Ал, қазақстандық стандарт бойынша оның сапасы 98 пайыздан кем болмауы тиіс. Бізде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған»,- дейді «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Манат Бибасов.
Кәсіпорын бір жылдың ішінде 26 мың тоннаға жуық өнімді нарыққа шығарған. Өнімді мұнай өңдеу зауытынан басқа Өзбекстан, Ресей елі сатып алуда.
Шымкент қаласы әкімдігі индустриалды, инновациялық жобаларды дамытуға барлық жағдайды жасап отыр. Осы ретте әкімдік кәсіпорынның инфрақұрылымын жеткізіп берген.
«Біздің зауыттың құрылысы, жабдықтарды сатып алу Қазақстан Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында даму банкі 10 жылға дейінгі мерзімге 9 миллиард теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетті. Жобаның жалпы құны 13,7 миллиард теңге болса, қалған 4,7 миллиард теңге компанияның өз қаражаты. Қазір несиені төлеп жатырмыз. Өндіріс көлемін ұлғайта бермекпіз. Бұған мүмкіндігіміз жетеді»,- дейді кәсіпорын басшысы.