Экологиялық қоқыс контейнерлері орнатылады
Еңбекші ауданы – қаланың өндірістік аймағы саналады. Қазіргі таңда ауданда абаттандыру, жол инфрақұрылымын дамыту, жұмыспен қамту, жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамытуда 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» нақтыланып, бекітілген. Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз сумен 94,5 %, электр жарығымен 96,5 %, табиғи газбен 90,7 %, кәріз жүйесімен 57 % және асфальт жолмен 71,5 % қамтамасыз етілген.
Ауданда жалпы 630 көпқабатты тұрғын үй 435 аулаға біріктірілген. Аулаларды абаттандыру бағытында «Халық қатысатын бюджет» жобасы өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. 2021 жылы 41 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары тұрғындар игілігіне тапсырылған. Ал биыл 79 үйдің ауласы абаттанған. ІІ-кезең бойынша 12 жоба, 21 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру назарда тұрған көрінеді.
Айданның тазалығы да басты назарда. «Қала – өз үйіміз. Қаланың тазалығына әрбір тұрғын жауапты. Ауданда әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда. Көпқабатты үй аулаларында, жеке секторларда қоқыстар уақтылы тазаланып жатыр. Жауапты мердігерлер бұл жұмыстардың маңызын түсінеді. Ауданда 117 қоқыс контейнері алаңшасы бар. Қоқыс контейнерлері жыл сайын жаңарып, қатары толығып келеді. Ендігі ретте экологиялық мақсатта арнайы сұрыптап тастайтын қоқыс контейнерлерін орнату жоспары бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Біз жалпы тазалыққа деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Тұрғындар өздері тұрып жатқан үйінің алдына құрылыс қалдықтары мен қоқыс үйінділерін шығарып, қала көркіне нұқсанын келтіріп жатқан жағдайлар да бар. Көптеген кәсіпкерлік нысандарының алдынан осы көріністі байқауға болады. Осыған байланысты қазір талап та күшеюде. Аталған фактілердің алдын алуда әкімшілік және полиция қызметкерлері рейд жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатыр. Заң талаптарын орындамағандарға әкімшілік айыппұл салу көзделген. Жалпы қала тұрғындары санитарлық тазалыққа немқұрайды қарамаса екен деймін. Әрбір адам тазалыққа, ауласын күл-қоқыстан арылтуға жауапкершілікпен қарағаны дұрыс»,- дейді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек.