Шымкенттің өз брендтері қалыптасып келеді
Шымкентте 4 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Ол «Оңтүстік ИА», «Оңтүстік» АЭА», «Тассай» ИА және жаңадан ашылып жатқан «Жұлдыз» ИА. Негізгі өндіріс ошақтары алғашқы үш индустриалды аймақта орналасқан. Жалпы кәсіпорындарды бір алаңға шоғырландыру бұл әлемдік үрдіс, дүние жүзінде бар тәжірибе. Батыстың дамыған елдері де Түркия секілді экономикалық динамикасы қарқын алып келе жатқан дамушы мемлекеттер осы тәжірибеден өткен. Сондықтан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі саналатын Қазақстан үшін индустриалды-инновациялық дамуды дәл осындай тәсілмен жолға қою жаңалық емес. Жоғарыда аталған 4 индустриалды аймақтың инфрақұырылымын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 17,8 миллиард теңге қаражат жұмсалса, қазынаға ондағы кәсіпорындардан түскен салық табысы бүгінге дейін 36,5 млрд теңгеге жеткен.
Тәуелсіздік жылдар бедерінде инвесторлар өнімінің арқасында шымкенттік өзіндік брендтер қалыптасты. Олардың қатарына «Бал текстильдің» кілемдерін, «Рахат-Шымкент», «Нұртаудың» кәмпиттерін, «Люкс шуз», «Заряның» аяқ киімдерін, «Әлем-БТ-ның» шұлықтарын, «Азала текстиль», «АГФ груптің» төсек-орын жабдықтарын жатқызуға болады. Жүздеген кәсіпорынның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 20 жоба іске асырылуда. 3 жоба Қытай елінің еншісінде болса, оншақтысы Түркияға тиесілі, қалғаны әртүрлі елдердің үлесінде.
Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымкент іргесіндегі көрші ел астанасы Ташкентпен сауда-экономикалық байланысты жылдан-жылға күшейтіліп келеді. Оған Қазақстан-Өзбекстан арасындағы соңғы жылдары қол жеткізілген бауырластық және әріптестік тығыз қарым-қатынастардың жандануы да түрткі болды. Соның арқасында қос мемлекетпен арада сауда айналымы күшейіп, экономикалық белсенділік арта түсті. Әсіресе алыс-беріс мәселесінде Шымкенттің алар үлесі ауқымды. Өзбекстандық инвесторлар бүгінгі таңда қала экономикасына қаржы салуға әзір. Екіжақты байланыстың беки түскеніне өзбек ағайындардың мегаполисте керамикалық тақталар шығаруға қатысты жоспарлары мен металургиялық зауыт салуға тыңғылықты кірісіп жатуы дәлел.
Айта кету керек, бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 89.3 миллиард теңгеге 92 жоба іске асырылып, оның 77-і нақты іске қосылса, «Тассай» ИА 20 жоба қолға алынып, оған жұмсалған қаржы 28 миллиард теңгені құрады.