Инвесторға қолайлы мекен

Oinet.kz 19-11-2022 290

image.png

Инвесторларды тарту  оңай шаруа емес екені анық. Әдетте инвесторлар бүкіл тәуекелдерді есептеп барып, бір-ақ шешім қабылдайды. Соның ішінде инвестордың ойында «шикізатты қайдан алам», «өнімді қайда өткізем» деген екі сауал тұрады. Бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы логистика мен экспорт-импортты қиындатып отырған жайы бар. Сондықтан шымкенттік кәсіпкерлерге қазіргі ахуал оңай тиіп отырған жоқ.

Дей тұрғанмен, мамандардың сөзінше, Шымкентте  кәсібін дөңгелетіп отырған инвесторларға барынша жеңілдіктер қарастырылған. Айталық, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорындар әлеуметтіктен басқа мүлік, жер, корпоративтік табыс секілді салықтың барлық түрлерінен босатылған. Зауыт құрылысына жер учаскесі арендаға арзан бағада немесе кейбір өміршең жобаларға тегін беріледі. Сонымен бірге, барлық кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар «Бизнестің жол картасы–2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып 6 пайыздық жеңілдікпен несие ала алады. Инвестициялық келісімшарт құжатының көмегімен түрлі жеңілдіктерге қол жеткізеді. Мәселен, сырттан әкелінетін қондырғы ақысының 30 пайызы сатып алған кәсіпкердің өзіне қайтарылады. Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade», «Қазақ экспорт» АҚ ұлттық компаниялары сақтандыру, дайын өнім тасымалына кеткен шығынның өтемақысын төлеу, жарнамалау, шетелде қоймада тұрған отандық тауардың жалдау ақысын өтеп беру секілді мәселелер бойынша кәсіпкерлерге көмек қолдарын созуда.

Айта кетейік, Шымқалада қазіргі таңда 95,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Оның ішінде  заңды тұлғалар – 19,0 мың бірлік, жеке тұлғалар – 72,4 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 4,0 мың бірлікті құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне бұл көрсеткіш 35,4 пайыз өсім көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша өсу қарқыны жағынан бірінші орында, ал саны бойынша бесінші орында.

 Ал шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адам жетіп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4 % өскен.

Қалада  өнім көлемі бойынша  ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 317,3 миллиард  теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1 пайызға артқан.

Биылғы жылдың қаңтар-наурызында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 36,2%  құраған.

Инвестициялық жобаларға бай қала
Шымкенттің өз брендтері қалыптасып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу