Жасмин тәтті бизнесін қолға алды
Үшінші мегаполисте қазіргі таңда әсіресе жастар мен әйелдердің кәсіп бастауына үлкен жағдай жасалуда. Бүл санаттағы тұрғындар түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіптің қыр-сырын үйреніп қана қоймай оны бастауға да көмек алуда. Осындай жанның бірі - Шымкент қаласының тұрғыны Жасмин Абдраимова мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, берілгін қаражатқа кондитер цехын ашты. Қала тұрғыны Жасмин ханым Шымкент қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бизнес бастау» кәсіптік оқытуға жолдама алған.
Кәсіптік сертификатын алып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін «Кондитер өнімдері» ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынды. Бұл жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан болатын.
Нәтижесінде 200 АЕК (555 650 теңге) көлеміндегі грантқа қол жеткізіп, қаражатқа цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде бәліш, төрт түрлі кодитерлік тәтті тағамдарға тапсырыс қабылдап, отбасылық кішігірім ісін дөңгелетіп отыр.
Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету бойынша берген тапсырмасына сәйкес Шымкентте 1500-ге жуық кәсіпкерге көмек көрсетіледі. Мәселен, 1 мыңнан астам кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы-2025» «Қарапайым заттар экономикасы» және «Жұмыспен қамту жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде 8,7 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалардан тыс жергілікті деңгейде «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» арнайы іс-шаралар жоспары шеңберінде 1,0 млрд. теңгеге 200-ге жуық бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Сонымен қатар өндірістік алаңдарының жалдау ақысының бір бөлігін өтеп беру арқылы қолдау көрсетілетін болады. Түрлі деңгейдегі қолдаулардың арқасында іс-әрекеттегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 30%-ға өсіру жоспарлануда. 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша 75,5 мың бірлікті құраса 2025 жылға қарай 100 мың кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізу болжануда. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін жалпы өңірлік өнімде 45%-ға жеткізу көзделуде.