Индустрияландыру бағдарламасының шаһарға тигізген шарапаты қандай?
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында міндетті түрде экономиканы индустрияландыру бағытына бұру керектігі жайлы сөз қозғайды. Мәселен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп атап өтті.
Индустрияландыру бағдарламасының қабылданғанына биыл он бір жыл толады. Осы аралықта Шымкент қаласында кқптген жаңа өндіріс орындары ашылды. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша 2010 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2014 жылға дейінгі аралықты қамтыды. Кейін 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі іске асырылды. Қазіргі таңда 2020-2025 жылдар аралығын қамтитын үшінші кезеңі жүзеге асырылуда.
Индустрияландыру бағдарламасы бүкіл республикада 2010 жылдан бастап қолға алына бастады. Соның ішінде Шымкент қаласында да бағдарлама аясында жаңа кәсіпорындар құрылды. Басқарма басшысының мәліметінше, ҮИИД-тің бірінші бесжылдығында шаһарда 89 млрд. теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерді, соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Екінші бесжылдықта 97,4 млрд. теңгеге 41 жоба қолдау тапты. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2020-2021 жылдар кезеңінде 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды. 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 21 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Бір мыңдай адам өздеріне тұрақты жұмыс тапқан.