«Шымкай» жылына 54000 жиһаз шығаруға қауқарлы

Oinet.kz 17-11-2022 478

image.png

Қала әкімі Мұрат Әйтенов “Тассай” индустриялды аймағында орналасқан “ШЫМКАЙ” кәсіпорнына барып, жұмыс барысын көрді. Жеке кәсіп иесі Шымкентте жиһаз шығарумен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Цехты ашу үшін 750 миллион теңге инвестиция салынған. Қазір мұнда жылына 54 000 дана жиһаз жасалынады.

Бүгінде орындықтар мен үстелдер шығарып жатқан “ШЫМКАЙ” ЖШС-на 2019 жылы “Тассай” индустриялды аймағынан жиһаз цехын ашу үшін мемлекет 10 жылға жалға беру мерзімімен 2 гектар жер берген. Бүгінде кәсіптің тасы өрге домалап, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Бизнесті мемлекеттік қолдау бүгінгі күнде елімізде қарқынды жүргізілуде. Әсіресе шағын кәсібін дамытуға ынталы кісілер үшін мемлекеттен көмек алу қиын шаруа емес. Кәсіпкерлерге бүгінде «Даму» қоры демеу болып жүр.   Жиһаз шығару кәсібін дамытып, отандық өнімді көбейтуге атсалысып жүрген «Шымкай» ЖШС  фабрикасы да қордың көмегіне жүгінген. 2020 жылы құрал-жабдықты сатып алу және айналым қаражатын толықтыру үшін «Халық Банкі» АҚ жобаны 14 пайыз мақұлдап, оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялаған. Сондай-ақ қор кепілдің жетіспейтін бөлігіне кепілдік берді. Италия, Түркия, Ресей, Қытай елдерінен алынған құрал-жабдықтар корпустық мебельдер мен жұмсақ жиһаздар шығаруға да жарайды. Алдағы уақытта ол жоспарда бар. Орындықтар мен үстелдерді қара ағаш, жаңғақ, қара терек, шынар ағаштарынан жасап жатыр. 12 мың, 15 мың, 18 мың тұратын орындықтар қарапайым халыққа қолжетімді.

Қала әкімі кәсіпорын басшысы мен ұжымға мегаполис экономикасының ілгерілеуі жолында атқарып жатқан жұмыстарына алғысын білдіріп, әкімдік тарапынан да барынша қолдау танытатынын жеткізді. 

Айта кетейік, «Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отыр. Қазіргі кезде аймақтың аумағы 100 пайыз қамтылған. Осы кезге дейін 20 жобаны іске қосып, нәтижесінде 1500 адамды жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды іске қосу жоспарланған. Онда  885 жұмыс орны ашылмақ.  «Тассай» индустриалды аймағы 89 гектар жерді алып жатыр. Мұнда балалардың тәттісінен бастап, шөл басар сусын мен сүлгі шығаратын және т.б тауар өндіретін  зауыт-фабрикалар шоғырланған.

Әкім «Шымситидегі» аллеяның құрылысын бақылап қайтты
Шымкентте қайта өңдеуші кәсіпорындардың жұмысы жандануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу