Медициналық қызмет көрсететін кәсіпкерлер уәждерін айтты
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы денсаулық сақтау комитетінің жиынында жеке медициналық ұйымдардың басшылары бас қосты. Кәсіпкерлер тексерулердің жиі жүргізілуі – ең үлкен әкімшілік кедергі деп атады.
«Түрлі тексеру көп. Ал Кәсіпкерлік кодекске сәйкес бізді бақылау-қадағалау органы ғана тексере алады. Бұл ретте егер тексеру актісі прокуратура органдарында тіркелген болса ғана тексеру тағайындалады. Бізде бәрі керісінше, денсаулық сақтау басқармасы кез-келген бұйрық шығара салады, нәтижесінде мониторингтік топтар шексіз тескеруді бастайды: Мұның бәрі заңнаманы бұзады», – деп шағымданды медициналық қызмет көрсететін кәсіпкерлер.
Сондай-ақ, жеке медициналық ұйымдардың мемлекеттік тапсырысқа тең емес қолжетімділігі туралы мәселе көтерілді. Осы уақытқа дейін мемлекеттік ұйымдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне басым құқыққа ие, ал жеке ұйымдар қалдық қағидаты бойынша жұмыс істейді.
«Өңірлік перспеткивалық жоспар – жеке медициналық ұйымдардың тағдырын шешетін тылсым құжат. Бұл құжатқа медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасына кіру үшін қосады. Осылайша медициналық ұйымдар мемлекеттік тапсырысқа қатысуға мүмкіндік алады. Дегенмен, мұнда мүлде ашықтық жоқ. Бізге қатысты қандай шешім қабылданғанын әкімнің қаулысынан кейін білеміз. Біз өз клиникаларымызды ашқан кезде алдымызға әлеуметтік мақсат қойдық – мемлекеттік емханалардың жүктемесін азайту және пациенттердің тұрғылықты жері бойынша қадамдық қолжетімділігін арттыруды қаладық. Бірақ бүгінде бір жеке клиникадан лоббизм арқылы пациенттер басқа жеке клиникаға берілетін жағдайлар бар», – деді «№14 Емдеу орталығы» ЖШС директорының орынбасары Дулат Тұрманов.
Мемлекеттік тапсырыстың артуына қатысты мәселені басқа қатысушылар да көтерді. «Алинұр и К» ЖШС директоры Максим Тимошенконың айтуынша, бизнес-сектор әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша да қызмет көрсетуге дайын. Алайда, қызметтің бұл түрлері тек мемлекеттік клиникалардың қызмет саласы болып қалып отыр.
Шымкент ӨКП директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев өз кезегінде барлық айтылған проблемалар Мәселелер тізіліміне енгізілетінін және денсаулық сақтау министрлігіне дейін әр түрлі деңгейде ілгерілейтінін атап өтті.