Үшінші мегаполисте кәсіпкерлер марапатталды
Шымкентте сапа күніне орай «Қазақстан стандарттау және метреология институтының» ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Онда өңірімізге еңбегі сіңген кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер шақырылды. Шара мақсаты өндіріс орындарын ынталандыру арқылы өнім сапасын арттыруға ықпал ету.
Еліміздегі алдыңғы қатарлы кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорынның бірі «Рахат-Шымкент» ЖШС-і. Қазіргі таңда 2 өндіріс ошағында 1000-нан аса тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, әлемдік стандарт бойынша тәтті шығаратын зауыт, халықты қажетті өніммен қамтамасыз етеді. Сондықтан да сапа күні қарсаңында мекеменің атқарған еңбегі ескеріліп қызметкерлер марапатқа ие болды.
«Жалпы тауар сапасы кәсіпкердің шығарып жатқан өнімін сапалы етіге негізделуі керек. Біз өнімге шығарған сәттен, тұтынушыға жеткенге дейін жауаптымыз. Сол тауарымыз тұтынушының өміріне ешқандай зиян келтірмеуі керек. Ал біз оған жауапты болуымыз тиіс. Біз ХАССП, ИСО, «Халал» стандарттарына сай жұмыс істейміз»,- дейді «Рахат-Шымкент» ЖШС-нің директоры Жұлдыз Рахипова.
Дүниежүзілік сапа күні қараша айының екінші бейсенбісінде тойланады. Даталы күнге орай өңіріміздегі тауар мен қызмет сапасын жақсартуға үлес қосқан мамандар бас қосты. Жиында Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері зум арқылы өз құттықтауларын жеткізді.
«Қазақстан стандарттау және метреология институтының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға оңтүстік аймақтың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер шақырылды. Олардың ішінде мұнай өңдеу, сүт өнімдерін шығару, кондитерлік фабрикалар бар.
Мемлекет басшысы отандық өнімнің сапасын жақсарту туралы тапсырма берген болатын. Шымкенттік өндіріс орындары бұл жағынан қамшы салдырмайды.
«Қалада «Қарқын 2030» деген компания бар, «Нарлен» сияқты мықты өндірушілер бар. Осы компаниялардың бәрі де ИСО 911 стандарты енгізілген. Сапа менеджменті деген болады. Сол бойынша мекемелерді әр кезең сайын тексеріп, сапасын жақсартуына мән береміз. Негізгі мақсат сапаны үздіксіз көтеру»,- дейді «ҚазСтандарт» РМК филиалының директоры Сакен Бейсеев.
Шара соңында «ҚазСтандарт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры белді өндіріс ошақтарын сапа күнімен құттықтап, алғыс хаттар табыс етті.