Синтепон және көрпе шығаратын «ARNATEX» өндіріс орны ашылды
Жақында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында синтепон және көрпе шығаратын «ARNATEX» өндіріс орны ашылды. Фабриканың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дүйсебеков Береке Талғатұлы қатысты. Ол өз сөзінде кәсіпорын жұмысшыларын ашылуымен құттықтап, еңбектеріне мол табыс тіледі. Жаңадан ашылған «ARNATEX» фабрикасын іске асыруға жұмсалған инвестиция көлемі 150 миллион теңгені құрайды. Өндірісте 10 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 220 тонна дайын өнімді құрайды.
Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп саласының шоғырланған мекені - «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда 31 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған 31 кәсіпорынға 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылғаны және мұнда 2 309 адамның еңбек етіп жатқаны бұл аймақтың қаншалықты табысты екенін көрсететіндей. Осы арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 елінде экспортталады.
Алдағы жоспарға сәйкес 2022-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 жоба іске асуы тиіс. Олардың арасында «Karlskrona Co.» компаниясының «Сорғы жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіру», «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-інің «Ұнтақты полипропилен өндірісінің II кезеңі» және «ESMA Electric» серіктестігінің «Трансформаторлар мен электр техникалық жабдықтар өндіру» секілді ауқымды жобалары бар.
Нәтижесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына 2022-2024 жылдары қосымша 77,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, тағы да 3 889 жұмыс орны құрылады.