«Bars» серіктестігі күніне 70-100 жұп аяқ киім тігеді

Oinet.kz 14-11-2022 505

image.png

Ине шықса да, түйме шықса да өзіміздің отандық өнімге не жетсін?! Соңғы жылдары нарықта «Шымкентте жасалған» деген белгімен түрлі тауар өнімдері тарай бастағаны көңілге қуаныш сыйлайды екен. Үшінші мегаполистің индустриалды аймақтарында орналасқан кәсіпорындардың өнімдері республиканы қамтып қана қоймай шетел асып жатқан жағдайы бар. Демек сұраныс бар. Ал сұраныс бар жерде сапаның болуы заңдылық. 

Шымкентте "Оңтүстік" индустриалды аймағында орналасқан "Bars" серіктестігі жасөспірімдерге арналған аяқ-киімдер шығарады. Таза былғарыдан жасалатын өнімдер көптің көңілінен шығып, қазіргі таңда көптің сұранысына ие. 

Фабрикада күніне 70-100 жұп аяқ киім тігіледі. Мұнда 26 өлшемнен 40 өлшемге дейінгі аяқ киімдер тігіледі. Және жылдың барлық мезгіліне лайықтап та шығарылады. Фабрика жылына аяқ-киімнің 120-дан астам түрін дайындайды. 

- Бізге дайын былғары келеді. Біз былғарыны арнайы аппаратқа қойып қалыбын шығарамыз. Аяқ-киімді осы қалып бойынша тігеміз. Одан кейін келесі бөлім аяқ-киімді желімдеп, сәндейді. Бау, темір секілді қосымша детальдарды қояды, - дейді фабрика жұмысшысы Бақытжан Унгалбаев. 

Бір ерекшелігі, фабрика аяқ-киімді ортопедиялық бағытта жасайды. Яғни аяқ-киімді киген адам денсаулығын да түзей алады. Бұл аяқ-киімдер адамды майтабандықтан сақтайды. Сондықтан да аяқ-киімнің осы ерекшелігіне қызыққан клиенттер сұранысты тоқтатқан емес.  

Фабрика жылына 400 мыңға жуық жұп аяқ-киім тігеді. Аяқ-киімдер еліміздің барлық өңірлеріне тарайды. Сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатын "Bars" фабрикасы алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, Шымкенттегі «Тассай», «Оңтүстік» индустриялық аймақтар мен көлік-логистикалық аймағы және «Оңтүстік»  арнайы экономикалық  аймақтарында Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінен қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 11 мың жұмыс орнымен 300 миллиард теңгеге 189 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда 160 миллиард теңгеге 124 жоба іске асырылды және 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. 

Берік, төзімді шыныларды Шымкенттен табуға болады
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына танымал түрік компаниясының өкілдері келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу