Жаңа қондырғылар ауаны ластауға жол бермейді
Шымкенттегі ірі зауыттардың бірі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС жаңғырту жұмыстарынан кейін экологияға келер зиянын азайтқан. Әсіресе ауаны ластайтын шығындылар азайған. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «ПКОП» ЖШС-да жаңа технологиялық қондырғылар салынды. Пайдалануға берілген нысандар экологиялық тұрғыдан тиімді, олар қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды азайтуға мүмкіндік береді.
Айталық 2017 жылы К4 және К5 класты отындарды шығаратын изомерлеу қондырғысы іске қосылды. Бұл отындарды пайдаланған кезде атмосфераға шығарылатын күкіртті ангидридтің мөлшері азаяды, бұл өңірдегі экологиялық жағдайды жалпы жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мұндағы газдарды ылғалды тазалау технологиясы (EDV) каталитикалық крекинг қондырғысының шығарындыларындағы қатты бөлшектер мен SОx мөлшерін азайтуға арналған қондырғы жұмыс істейді (оның тазалау коэффициенті 98%-ға дейін жетеді). Қондырғы бұрын факелде жағып жіберетін қышқыл газдарды кәдеге жаратып, тазалығы 99,9 %-дан жоғары күкірт алуға арналған. Осы күкірт өндіру қондырғысын іске қосуға байланысты атмосфераға шығарылатын күкірттің қос тотығының (SO2) шығарындысы 48%-ға азайды дейді зауыт өкілдері. Тауар-көлік басқармасында мұнай өнімдерін нүктелік құю қондырғысы іске қосылды. Мөлдір мұнай өнімдерін нүктелік құятын қондырғыны пайдалануға енгізуге байланысты құю кезінде атмосфераға жеңіл ұшатын көмірсутектердің мөлшері азайды. Жеңіл ұшатын көмірсутектердің үлесі 7%-ға азайды.
Зауытта сонымен қатар резервуар парктері қаныққан көмірсутек шығарындылары мөлшерінің азаюын ескеріп салынған, себебі олар бу шығарындыларының 95%-н ұстап қалатын қалқымалы қақпақпен және азот жастықшасымен жабдықталған. Сорапты агрегаттар үшін өнімді резервуар паркіне қайтаратын желі қарастырылған және минималды ағымды ұстап тұру үшін реттегіш сақтандырғыш-клапан орнатылған.
Осылайша зауыт Шымкент атмосферасын ластау деңгейін түсіріп, керісінше экологиялық ахуалды түзеуге өз үлестерін қосып отыр.