Жолдаудағы бастамалар Шымкент экономикасына оң әсер етпек
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауының өзегі Президент ұсынған жаңа экономикалық саясат десек, бұл саясат елімізде әділетті, ашық және икемді бюджет-салық жүйесін қалыптастыруымен құнды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2023 жылы жаңа Салық кодексін қабылдауды тапсырды. Ол дифференциалды салық жүйесіне көшуге, салықтық ынталандыру шараларын жетілдіруге, арнайы салық режимдерін жеңілдетуге және «сән-салтанатқа салық» салуға жол ашады.
Бұл бастама отандық өнеркәсіп пен бизнестің өркендеуіне, оның заң аясында жұмыс істеуіне қалай ықпал ететінін саралап көрсек. Біріншіден, азаматтардың өз кәсібін бастауы мен бизнес жүргізу жүгін жеңілдетеді. Сол арқылы жаңа жұмыс орындары көбейе түседі. Қазірдің өзінде Шымкент қаласында шағын орта бизнес саласында 180 мың адам еңбек етеді. Елімізде бизнес жүргізудің жеңілдеуі жұмыссыздықтың азаюына әсер ететіні сөзсіз.
Екіншіден, салық жүйесінің ашық әрі түсінікті болуы салықтан жалтаруға құмарлықтың төмендеуіне, көлеңкелі экономиканың үлесінің азаюына жол ашады. Негізінде ешкімнің салықтан жалтарып, заңды бұзып, қылмыскер атанғысы келмейді. Азаматтар мен бизнесті мұндай заңсыз қадамға салық жүктемесінің ауырлығы, бюрократиялық кедергілер мен коррупция итермелейді. Егер осы мәселелер жүйелі түрде шешімін тапса, салықты уақтылы әрі толық төлеп, өз қызметін заңды, адал жолмен жүргізу кімге де болсын тиімді.
Үшіншіден, салық түсімдері көбейсе, бюджеттің мүмкіндіктері кеңейеді. Мәселен, Шымкент қаласы бюджетінің жергілікті түсімдері 2018 жылы 83 миллиард теңге болса, биыл 251 миллиардқа жетіп отыр. Қазынада қосымша қаржының пайда болуы қаланың инфақұрылымын дамытуға және көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне мүмкіндік берді. Демек, салық жүйесі дамып, түсімдер артқан сайын әлеуметтік мәселелер де сапалы түрде шешіле береді.
Төртіншіден, «сән-салтанатқа салық» салу – қоғамда бұрыннан айтылып жүрген мәселе. Президент бұл салықтың орта тапқа қатысы жоқ екенін айтты. Ал аса көп табыс табатын адамдардың көбірек салық төлеп, ел дамуына үлес қосуы әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі болмақ. Ең бастысы өркениетті елдерге тән салық мәдениетінің қалыптасуы мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімді нығайтып, тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етеді.