5 жылда Шымкентке 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделуде

Oinet.kz 10-11-2022 542

image.png

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық саясаттың ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жүйелі әрі жан-жақты қолдау. Жолдауда бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетуді жетілдіру, осы саладағы заңнамалық құжаттарды ретке келтіру, кәсіпкерлікті несиелендіру ресурстарының тапшылығын жою секілді мәселелер қозғалды.

Президенттің бұл тапсырмаларының орындалуының халыққа қандай пайдасы тиетініне тоқталып өтсек, біріншіден, өзгерістердің нәтижесінде бизнес пен оған мемлекеттік қолдау көрсету саласындағы заңнама қарапайым, көпшілікке түсінікті етіп қайта жазылады. Бұл бизнесмендердің өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қолдауды шараларын мейлінше тиімді пайдалануына жол ашады. Екіншіден, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Қолдау инвестиция көлемі мен жалақы қорын арттырған компанияларға бірінші кезекте көрсетіледі. Бұл – барлық азаматтарға теңдей мүмкіндіктер ұсыну арқылы әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыратын қадам. Үшіншіден, ендігі жерде бизнесті несиелендіруге екінші деңгейлі банктер де атсалысады. Ұлттық банктің дерегі бойынша, Қазақстан азаматтарының екінші деңгейлі банктердегі депозиттерінде 23 триллион теңгеден астам қаржы бар. Ал бұл банктердің несиелік портфелі 7 триллион теңгені құрайды. Оның басым бөлігі – тұтынушылық несиелер. Демек, екінші деңгейлі банктер бизнесті несиелендіруге құлықсыздық танытып отыр.

Президенттің Үкімет пен Ұлттық банкке берген тапсырмасы орындалған кезде жағдай түбегейлі өзгеруі тиіс. Нәтижесінде бизнес өкілдері тек мемлекет пен шағын несие ұйымдарынан ғана емес, екінші деңгейлі банктерден де арзан әрі қолжетімді несиелер ала алады.

Бұл Шымкент қаласында тіркелген 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің айналым қаражатын көбейтуіне, өндірістік қуаттарды арттыруына және жаңа жобаларды жүзеге асырып, дамуына жол ашады. Жалпы, Президенттің осы бастамаларының аясында алдағы 5 жылда Шымкент қаласының экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделуде. Жергілікті биліктің осынау ауқымды міндетті орындау бойынша нақты жоспары бар.

Жаңа жобалар – қала экономикасына серпін бермек
Жолдаудағы бастамалар Шымкент экономикасына оң әсер етпек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу