Қордың көмегімен талай кәсіпорын аяққа тұрды
Бизнесті мемлекеттік қолдау бүгінгі күнде елімізде қарқынды жүргізілуде. Әсіресе шағын кәсібін дамытуға ынталы кісілер үшін мемлекеттен көмек алу қиын шаруа емес. Кәсіпкерлердің кәсібін кеңейтуге бүгінде «Даму» Қоры үлкен септігін тигізуде.
Даму қоры арқылы қолдау тапқан Шымкент қаласындағы шыны құрастырғыш зауыты екінші бөлігін осы қордың көмегімен іске қосқан. «Гидрострой Шымкент Групп» ЖШС –ның айналым қаражатын толтыру үшін АТФ банкі жобаны 14,25 пайызбен мақұлдапты. Ал, оның 7,13 пайызын «Даму» қоры субсидиялаған. Сондай-ақ, қор кепілдік жетіспейтін бөлігіне кепілдікте беріпті. Қабырғаларды безендіруге арналған бұл материалдарға соңғы кезде сұраныс артқан. Тіпті, біздегі сапа мен бағаға көрші елдер қызығып отыр дейді кәсіпорын басшысы.
Қор арқылы қолдау тапқан «ЭКО-ФАРМ» ЖШС «Қарапайым заттардың экономика» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктен 500 миллион теңге несие алған. Құрал-жабдық сатып алу үшін сұралған бұл қаржының 9 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ал, несиенің жылдық пайызы небәрі 15 пайызды құрап отыр.
Осыдан 6 жыл бұрын ашылған «Nurtau distribution companyсы» қаржылық қиындықтардың кесірінен алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра алмағандарын айтады. Тек мемлекеттің қолдауымен ғана қимылға қосылған кәсіпорын бүгінде шоколадты печенье мен сағыз шығарып отыр. Тәулігіне 400 келіге дейін тәтті печенье, 500 келіге дейін сағыздың 12 түрін шығаруда. Әлі де алдағы жобалардың Даму арқылы жүзеге асатынына сеніммен қарап отыр зауыт өкілдері.
Мемлекет қолдау білдіріп отырғанда, қол қусырып отырғанымыз жарамас дейді кәсіпкерлер. Қайта бұл бізге берілген зор мүмкіндік деп қуанып отыр. Қолдан келсе кез-келген азамат қарапайым ғана кәсіптен бастаса деген ойларын да айтып қалды. Өйткені, төтенше жағдай жарияланған кезінде ұсақ-түйек заттардың өзін көрші мемлекеттерден іздеп сабылдық дейді.
Айта кетейік, «Даму» қорының негізгі мақсаты – кәспкерлерді қолдап, көбейту арқылы мемлекет қазынасына түсетін салық көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесе отырып жұмыссыздықты азайту. «Даму» қорының сайтында 170-ке жуық дайын бизнес идеялар бар. Кез келген азамат сайтты ашып, өзіне керек мәліметтерді ала алады.