Табысты болам десең, құлпынай ек
Бүгінгі таңда үй іргелік жерлерді игеру мәселесі өте маңызды болып тұр. Қосымша табыс көзі болып табылатын жерлерге түрлі көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды, сонымен қатар жеміс ағаштарын отырғызып, пайда табуға болатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Шымкент қаласында тұрғындарды жидек өнімдерімен қамтамасыз ету үшін былтыр алғаш рет 0,5 гектар жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады. Онда ғылым мен техникалық жетістіктерді қолдану арқылы «Альба» және «Клири» сұрыптары егілген.
Бұл жоба - үй іргелік жерлерді игеріп, қала халқының табысын арттыру және тұрғындарды құлпынай өнімімен қамту мақсатында қолға алынды.
Мамандар құлпынайды жылыжайда пластик пакеттерге отырғызу арқылы көп өнім алуға болатынын айтады. Құны бойынша да бұл технология әлдеқайда арзан екен. Құлпынайды өсіру үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қыстыгүні аяздарда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Яғни құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. Құлпынайдың ірісінің салмағы 50-55 грамға жетеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады.
Қазіргі уақытта құлпынай өнімдерінің 70-90 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда егіледі. Алайда, олар заманауи технологияларды қолданбауынан өнімділік төмен және тек маусым аралық мерзімде ғана өсіреді. Негізінен Қазақстан бойынша құлпынай бизнесі дамымаған, нарықта көбінесе импорттық құлпынайлар сауда сөрелерінен табылады.
Мамандар бүгінде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыру проблемасы өте өткір екенін айтады. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыру арқылы қала халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артатынын жеткізді.