Испан қондырғысымен жұмыс жасайтын жалғыз зауыт
Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, жол ашуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өз Жолдауында маңызды саланың басымдықтарын айтып өтті: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» – деп бизнесті қолдауға Ұлттық қордан 100 млрд теңге бөлінетіндігін айтқан болатын.
Үшінші мегаполисте мемлекеттің қолдауымен ашылып, бүгнде тұрақты жұмыс жасап, қаланың экономикасына, бизнес саласының дамуына үлесін қосып отырған өндіріс орындары баршылық. Солардың бірі Шымкент қаласындағы «Әділет құрылыс LTD» серіктестігінің негізі 2011 жылдың күзінде Елбасы қолдауымен қаланған болатын. Кәсіпорын өңірдегі Vifesa маркалы испан қондырғысымен жұмыс жасайтын жалғыз зауыт.
Су өткізу құбырлары, темірбетон қадалар, тіректер, портал қабырғалары, жиектестар, қоршау және бетон блоктарының барлығы да осы жерден шығады. Бағасы да қолжетімді. Темірбетон бұйымдарын өндіру үшін компания беріктік пен жоғары сапалы өнімге кепілдік беретін арнайы қоспаларыларды тұтынады. Айта кетейік, бұл кәсіпорын өңірдегі электрлендіру, сумен жабдықтау, құрылыстар мен автожолдар салу үшін пайданылатын құрылыс заттарын өндіретін жалғыз зауыт.
Өндіріс процесі зертхананың қатаң бақылауында. Темірбетон бұйымдарының әр компоненті алдын-ала сынаудан өтеді. Осылайша, өндіріс ошағына тек жоғары сапалы шикізат таңдалады. Қажетті шикізат Оңтүстік өңір мен Ресейдан жетеді. Шығарылған өнімнің 70 пайызы Тараз, Шымкент, Қызылорда, Астана және Алматы қалаларына тасымалданады. Зауыт басшысы алдағы уақытта нарыққа жаңа өнім түрін ұсынуды көздеп отыр. Сондай-ақ жұмыс орындарын көбейтіп, жылдық қуаттылығын арттыру да жоспардағы іс.