Несие алып кәсібін кеңейтті
Қазіргі таңда Шымкент қаласында "Мен кәсіпкер боламын" бағдарламасына қатысып, өз бизнесін ашып отырған жастар жетердік. Солардың бірі Қанат Төребеков. "Шымкент әкімшілігімен СПК Шымкент бірігіп 1 пайыз жеңілдетілген несие беріп жатқанын естіп, консультация алуға фронт-офиске консультацияға барып, бұл несие жайлы толыққанды білдім. Ондағылар 21 жастан 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкер ер азаматтарға арналған бағдарлама екенін түсіндіріп, қандай құжаттар керектігін айтты. Бұл бағдарлама біз сияқты кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге үлкен көмек,- дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде "НҰРИЯ ЖШС" жетекшілік ететін Қанат бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несиемен 8 миллион теңге алып, өндірісі үшін қажетті экстриульді құрал-жабдық сатып алған. Ол полиэтилен өндіреді. Ол жерде макарон, күріш, тұздың сыртқы пакетін дайындайды. Аталмыш бағдарламаның арқасында кішігірім өндірісі ұлғайған, қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
"Қазіргі объём 30-40 тонна. Болашақта кеңейіп, өндірісімді арықарай ұлғайтсам деген ниетім бар. Пакетті бояйтын, пакетті кесетін құралдар алғым келеді. Жұмыс жасаймын деген адамға қазіргі таңда мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетілуде. Тек қана алғыс білдіремін",- дейді бағдарлама қатысушы.
Айта кетейік, «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы 2019 жылы қала әкімінің қолдауымен ашылған болатын. 2019-2021 жылдарға жоспарланған бағдарламаға биыл өзгерістер енгізілуде. Аталған жоба 2025 жылға дейін ұзартылды. Кәсіп бастауға 1 пайызбен жеңілдетілген несие береді. Ол несиені тек 21-29 жас аралығындағы жастар мен әйелдер ғана алады.Кәсіпкер бұл ақшаны сән-салтанат затын сатып алуға, той-томалақ өткізуге, шетелге қыдыруға және басқа да тұтынушылық мақсатқа жұмсай алмайды, тек жаңа кәсіп ашуға немесе бұған дейінгі кәсібін кеңейтуге бағыттауға тиіс. Тиісті құжаттарды фронт-офиске өткізген соң, 23 жұмыс күнінде екінші деңгейлі банктер төлем қабілеттерін тексеретінін айтады. Ең бастысы, кәсіпкердің несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс
Жалпы 2025 жылға дейін «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы аясында 100 жобаға несие беру жоспарлануда. Сонымен қатар қалада алдағы бес жылда 2,5 триллион теңгеге 211 инвестициялық жоба іске асырылмақ.