“Аянат” шаруа қожалығы жылына 600 тонна қызанақ өсіреді
Бүгінде еліміздің өзге өңірлері Шымкентті «жылыжайлар астанасы» деп атай бастаған. Оған шымкенттік өнімдердің барлық өңірлерде жылдың төрт мезгілінде де сатылып жатқаны да себеп болса керек. Қаладағы жылыжайлардың өнімдері бүгінде базар, дүкендерде самсап тұр және жыл бойы үзілген емес. Бүгінде шаһарда заманауи технологиялар есебінен өндіріс ұлғайып, ауыл шаруашылық өнімдері, әсіресе, көкөністі экспортқа шығаратын қалаға айналып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер арасында жылыжайдың тиімділігіне көзі жеткендер көбейіп келеді. Жылдан-жылға жылыжайлардың саны да, сапасы да артуда. Кәсіптің көзін табамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Осылайша үшінші мегаполис көкөніс, жеміс-жидегімен елімізге ғана емес, шетелге мәлім болып отыр.
Шымкентте жылыжаймен нәпақа тауып отырған шаруалардың бірі - Ержан Қалдыбайұлы. Ол 2010 жылы 0,5 гектар аумаққа жылыжай кешенін салады. Бертін келе, атап айтқанда, 2015 жылы мемлекеттік қолдауды пайдаланып, жылыжай аумағын 4 гектарға дейін ұлғайтады. Жобаның жалпы құны – 800 миллион теңге. Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Аянат» шаруа қожалығы ағымдағы жылы тағы аумағын кеңейіп, модернизациядан өткен.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған шаруа қожалыққа барып, жұмысымен танысып қайтты. Ерте көктем және қыс айларында көкөніс өнімдеріне деген қажеттіліктің орнын толтыру және қияр қызанақ өнімдерінің осы маусым аралық кезеңдерде бағасының шарықтап кетпеуінің алдын алу мақсатында, мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды түсіндірді. Қазіргі таңда мұнда жылына 500-600 тонна қызанақ өсірілуде. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. Шаруашылық тұрғындарды сапаы өніммен ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар 26 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, қаладағы жұмыссыздар санынның азаюына септігін тигізіп отыр.
Алдағы уақытта қожалық иесі нысан аумағын ұлғайтуды көздейді. Сол арқылы өнім көлемін арттырып, қызанақтарды көрші елдерге экспорттамақ.
Бастамаға қолдау танытқан Мұрат Дүйсенбекұлы ауылшаруашылық өнімдерінің артуы - экономикаға да оң серпін беретінін айтып, тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.