Қайтарымсыз қаражатқа кәсіп ашты
Шымкент қаласының тұрғыны Шынар Сарыбаева –«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы. Ол көп балалы ана ретінде АӘК алушылар қатарына кіреді.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында былтырғы жылдың наурыз айында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа «тігін ісі» бойынша өтініш берген. Нәтижесінде комиссия жобасын мақұлдап, бүгінде көлікке арналған орындық қаптарын тігіп сатуда.
- Қолымыздан келген мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттен де қолдау тапқаныма қуаныштымын. Отбасымның әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жеке кәсібімізбен айналысып келеміз. Ең бастысы тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығады – дейді 27 жастағы қала тұрғыны.
Айта кетейік, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған Бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар мемлекеттік гранттар алуға үміткер бола алады.
Айта кетейік, азаматтар бұрын қайтарымсыз грант бойынша 200 АЕК көлемінде ақша алатын, биылғы жылдан бастап 400 АЕК ала алады. Грант алуға 29-ға толмаған жастар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандас статусын алған бауырларымыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері өтініш беруіне болады. Биыл грантқа өтініш берудің ерекшелігі бар. Кәсіпкерлік порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы өтініш жібере алады. Осы порталға кіріп, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе, барлық салалар мен интеграциясы болған соң ол азаматтың жоғарыда атаған санатқа сәйкес келетін немесе келмейтінін шығарып береді. Егер сай келсе, ол азамат алдымен бизнес жоспарын жазады. Бұл жобаны қарайтын арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан да, орталықтан да бір де бір адам жоқ. Комиссия кәсіпкерлер, депутаттар, кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Биыл 1 150 азаматқа грант беруге қаражат қаралған.
Былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 750-ге жуық грант берілген. Оның 200-і тек жастарға үлестірілген.