«Бозарықта» құрылыс қарқынды
Президент халыққа арнаған Жолдауында агро-өндірісте қордаланған мәселелерді шешіп, тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейтуді айтқан болатын. Шымкент қаласында қазіргі таңда жалпы өндірісте тамақ өндірісінің үлесі 20 пайызды құрап отыр. Қаланың мегаполис болуына байланысты, ауыл шаруашылығы жерлері жыл сайын азаюда, осы себепті қалада басымдылық – агро-өндіріске берілетін болады.
Қазіргі таңда үшінші мешаполисте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Индустриалды аймақты құру үшін 132 гектардам астам жер телімі қарастырылған. Индустриалды аймақ екі кезеңде іске асатын болады. Бірінші кезең 2022-2023 жылдары жүргізілсе, екінші кезең 2023-2025 жылдары жүзеге асырылады. Қазір аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылысшылар 15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстарының 12 шақырымы аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған.19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.
Мәселен, келер жылы биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін салу және сүт өндіру зауытын салу, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін және консервілеу сынды кәсіпорындар салу бойынша 6 инвестордан өтінім түскен. Олардың жалпы құны 6,7 миллиард теңгені құрайды. Жаңа 600-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жоғарыда аталған қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылғанда сүттің қайта өңдеу үлесі 42 пайыздан, 48 пайызға дейін, жеміс-көкөністің қайта өңдеу үлесі 6 пайыздан, 21 пайызға жететін болады. Қайнар бұлақ тұрғын алабында орналасатын индустриалды аймақта 1500 жұмыс орындық 23 миллиард теңгеге 21 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Одан бөлек шаһарда «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені. Бұл – 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде қаланың өңдеу өнеркәсібі өркендей түспек.