Тиімді бағдарламаға қатысушылар көп
Төрт жыл бұрын қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы елімізде күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтерге арналумен ерекшеленген болатын. Экономист мамандардың сараптауы бойынша нәтиже жаман емес. Тиімді жағы көп. Содан да болар Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев бұл бағдарламаны биылғы жылға дейін жалғастыруды тапсырды.
Бағдарламаны дамыту - халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру, күрделі технологияларды қолдануды талап етпейтін өнімдерді кең көлемде шығаруға мүмкіндік береді.
Ең бастысы бұл бағдарлама туристік қызмет көрсететін кәсіпкерлерге де үлкен мүмкіндік беріп отыр. Саладағы кәсібін енді азаматтар жеңілдетілген несие алу арқылы дамыта алады.
Несиенің талаптары да жеңіл. Несие алушы үшін соңғы мөлшерлеме жылына 6 пайызға, субсидиялау мөлшері – 9 пайызға дейін деп белгіленген. Субсидиялау мерзімі - 10 жыл. Бағдарламаға шағын, орта және ірі бизнес өкілдері қатыса алады.
Кәсіпкер ұсынған жобаның қаржылық-экономикалық тиімділі оң бағаланған жағдайда «Даму» Қорының уәкілетті органы, кәсіпкер және банк арасында субсидия ұсыну бойынша үш жақты келісімшарт түзіледі.
Сала мамандарының мәліметінше ағымдағы жылы Шымкент қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 3,9 миллиард теңге бөлінген. Оның 3,7 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, ал 0,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама шеңберінде 81 жобаға 3,5 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген. Оның ішінде банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 77 жобаға 3,2 миллиард теңге; банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге 4 жобаға 300 миллион теңге бөлінген.