Шымкенттің кәсіпкерлік саласында үлкен өсім байқалады
Шымкентте кәсіпкерлікті дамытуда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 млрд теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 5 айында 131 млрд 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылып үлгерген.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандарының айтуынша бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 500 млрд теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Жылдан жылға бұл салада жұмыс қарқыны артып отырғанын аңғартатын мұндай дәйектер көп-ақ.
Мұнан бөлек қалада шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны қазіргі таңда 95,5 мыңға жектен. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне бұл көрсеткіш 35,4 пайызға өсім көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша өсу қарқыны жағынан бірінші орында, ал саны бойынша бесінші орында.
Қазір мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, оның ішінде шымкенттік кәсіпорындардың үлесін ұлғайту мақсатында жаңа механизм қолданылуда. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдардың бағдарлама әкімшілері (аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың, ведомствоға қарасты мекемелер, мемлекеттік жеке серіктестік жобалар бойынша) жылдық сатып алу жоспарларын басқармаға ұсынады. Ұсынылған материалға сараптама жасалынып, қаламызда өндірілетін тауарлардың көлемі мен сомасы, сондай-ақ, ЖСҚ ішіндегі құрылысқа жоспарланған материалдар мен жабдықтар айқындалатын болады. Деректер базасы Фронт офиске ұсынылады.Талдау нәтижесімен жергілікті өндіруші кәсіпорындар және бюджеттік әкімшілер хабардар етіледі. Өз кезегінде қаламыздың кәсіпкерлері Фронт офиске өздерінің шығаратын өнімдері жөнінде деректерін ұсынады, ал бюджеттік әкімшілер - жергілікті өндірушілердің өніміне бейімдеу мақсатында техникалық ерекшеліктеріне өзгерістер енгізеді. Фронт офис оператор ретінде үйлестіру жұмыстарын жүргізетін болады.