«Стандарт» жеке индустриалды аймағында кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған

Oinet.kz 01-11-2022 560

image.png

Келер жылы Шымкентте шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Жаңа нысан бұрынғы Қорғасын зауытының аумағында орын тебеді.

Үшінші мегаполиске іс сапары барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров индустриалды аймақтың құрылысымен танысты. Қазір мұнда инфрақұрылым жүйесі тартылғанымен, алдағы уақытта оның қуаттылығына тапшылық туындайды. Сондықтан сала жауаптылары министрлікке қосымша 3,5 млрд. теңге көлеміндегі қаржы бөлуге өтініш тастаған.

Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталса, 2 мыңнан астам халық жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, мұнда “Іскер қала” жобасы жүзеге асады деп күтілуде. Яғни, кәсіпкерлер үшін өндірістік бизнеске арналған орынның ақысына субсидия қарастырылады.

«Бұл жерде бірінші кезекте жеңілдетілген несие береміз. Мұнда кәсіпкерлерге дайын орын дайындап береді. Яғни кәсіпкерде инвестициялық шығыны болмайды. Дайын орынға келіп өндірісін бастап кетеді. Орынды жалға алады. Жалға алу үшін тек құрал жабдыққа ақша керек. Сондықтан «Іскер қала» аясында 1,2 пайызбен 50 млн. теңгеге дейін кәсіпкерлерге береміз шағын өндірушілерге»,- дейді  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.

Осылайша келешекте «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетеді. Министр ел экономикасын өркендетуге үлес қосатын жобаны қолдайтынын айтады.

 «Осылардың барлығы жасалса өте жақсы. Кәсіпкерлерге ірі мүмкіндіктер ашылады. Біздің негізгі мақсат – экономикалық саясаттың негізі, шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау және дамыту. Себебі ШОБ оның негізі. Ол қоғамға жақсы, экономикаға жақсы. Әйелдердің кәсіпкерлігінде тарту керек белсенді түрде. Себебі олардың да қосар үлесі жоғары»,- деді Ә.Қуантыров.

Министр нысанның құрылысының бірінші кезеңімен танысып, жұмысты жоғары бағалады. Алдағы уақытта мұнда заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады деп күтілуде. Бүгіннің өзінде жиһаз шығаратын және тігін фабрикалары аталған индустриалды аймақтан орын алуға өтінішін жолдап қойған.

 Айта кетейік, бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.

Тағы бір жаңа мектеп ашылды
Күннен қуат алатын жол белгілері көбеюде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу