Тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өндіреді
Аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) – мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосатын еліміздегі маңызды саланың бірі. Агроөнеркәсіп кешені ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларын біріктіреді. Агроөнеркәсіптік кешеннің мақсаты – халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен қамтамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Экономиканың тірегіне айналып отырған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін республикада Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» жөніндегі ұлттық жоба әзірленген.
Қазақстанның республикалық маңызы бар қала қатарындағы үшінші мегаполисте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалып келеді. Шымкент бүгінде өзіндік агро белдеуі қалыптасқан аймақ. Осыған сәйкес қала аумағында ауыл шарушылығы кооперативтері дамып келеді. Жоғарыда аталған жобада кооперативтерді ұлғайту көзделіп, шаруаларға бірқатар жеңілдіктер ұсынылған. Айталық ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін жабдықтар мен техника құнынан 50 пайыз көлемінде инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ кооперативтер дайындаған сүт пен етті субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ салық заңнамасында кооперативтер үшін барлық салық бойынша 70 пайыз жеңілдік көзделген. Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып отырған шымқалалық шаруалар кооперативтерді дөңгелетіп отыр.
Солардың бірі Сайрам елдімекеніндегі мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын «Бәйтерек Агро» АӨК. Кешеннің жалпы аумағы 300 гектар. Оның 14 гектарына қоражай орналасқан. Мұнда 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 200 бас сауынды сиыр бар. Кешенде кәуап, қазы секілді 10-ға жуық ет өнімін тапсырыспен жасайды. Сондай-ақ, тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өндіріп, құрт, сүзбе, айран тағы басқа сүт өнімдерін дайындайды. Бұдан өзге күніне 50 бас ірі қара малды союға мүмкіндігі бар. 2017 жылы жұмысын бастаған шаруа қожалықта әуелгіде 50 бас ірі қара мал болған. Жүйелі жұмысының арқасында бүгінгі күні мұнда ірі қара мыңнан асып отыр. Кәсіпкер ісін дөңгелетіп, халыққа күнделікті қажетті әрі сапалы сүт өнімдерін шығарып қана қоймай, қаншама жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.