Қалада тағы екі өндірістік парк ашылады

Oinet.kz 30-10-2022 471

image.png

 Елімізде алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Іскер қала» жобасы қолға алынған болатын. Өңірлік бағдарламаның негізгі идеологиясы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп, ісін жандандыру және  қаладағы тоқтап тұрған кәсіпорындардың бойына қайтадан қан жүгірту. «Жоба аясында қалада тоқтап тұрған кәсіпорын иелерімен ортақ келіссөздерге келдік. Яғни әр жерді жалға алып жүрген шағын кәсіпкерлік иелеріне сол ғимаратты жалға беру туралы. Ал біреудің гаражында, ескі үйінде, жертөледе «күнелтіп» жүрген кәсіпкерлерге сол ғимаратта кәсібін жалғастыру туралы ұсыныстарымызды жеткіздік. Яғни бұл жерде әкімдік кәсіпкердің алғашқы үш жылдың жалдау ақысын төлеп береді. Алғашқы жылы 75%, екінші жылы 50%, үшінші жылы 25% өтейді. Бұл екі жаққа да өте тиімді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге кәсібін кеңейту үшін 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін несие береміз. Мұндай мүмкіндік тек біздің қаланың кәсіпкерлеріне жасалуда. Бұл жоба көптеген базар жағалап жүрген кәсіпкерлердің ресми түрде еңсесін тіктеп, құжат жүзінде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді. Ынта білдірген кәсіпкерлердің пайда болуына орай біз пилоттық жоба ретінде «Silkway Alliance» өндірістік паркін аштық»,- дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков. 

Басқарма басшысының айтуынша өндірістің парктің бүкіл инфрақұрылымы бар. Онда қазіргі таңда 7 кәсіпкер шағын бизнестерін ашқан.  120 жұмыс орны ашылған. «Іскер қала»жобасы аясында паркте жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалдау ақысын өтеуге бүгінге дейін 13 миллион теңге жұмсалған.  

Береке Талғатұлының айтуынша  жыл соңына дейін қалада тағы 2 өндірістік алаң  іске қосылмақ.  Біріншісі жұмысы тоқтап тұрған «Қайнар май» зауытында, екіншісі жеке меншік «Стандарт» индустриалды аймағында орналаспақ. Сонда  жалпы бір жылдың ішінде  70 мың шаршы метрлік өндірістік алаң ашылады деген сөз. «Бұл біздің бүкіл базардың төңірегінде бұрыш бұрышта тығылып  кәсіп жасап жүрген азаматтарға шынайы ортаға шығып, заңды түрде еңсесін көтеріп жұмыс жасауға мүмкінндік береді. Егер сіздің кәсібіңіз бар, алайда ғимаратыңыз болмаса немесе құжаттарыңыз жоқ болса осы бағдарлама арқылы өндірістік паркке «жайғасуға» мүмкіндік бар»,- дейді ол. 

Мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлердің көкжиегін кеңейтуде
Абай ауданында «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу