Шымкент қаласының экономикалық дамуына тартылған инвестиция көлемі 20 пайызға артқан
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары туралы БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін берді.
Басқарма басшысы Б.Дүйсебековтің сөзінше, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілген.
«Біздің басқарма 4 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Біріншісі қалаға инвестиция тарту, шағын және орта кісіпкерлікті дамыту, сауда саласын өркендету және өнеркәсіпті өрге сүйреу. Соның ішінде басым бағыттардың бірі өнеркәсіпті дамыту. Жалпы өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 666,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 6,7 пайызға артып отыр. Жылдың соңына дейін межені 856 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішке жетуге толық мүмкіншілігіміз бар. Ал
қала экономикасына 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Жыл соңына дейін тағы 530 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған»,- дейді Береке Талғатұлы.
Басқарма басшысының айтуынша жалпы 2022-2025 жылдар аралығында 622 миллиард теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын құрумен 66 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, 2022 жылы 51,4 миллиард теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңға жалпы құны 29,2 миллиард теңгені құрайтын 520 жаңа жұмыс орны бар 6 инвестициялық жоба іске асырылған.
Сондай-ақ, 2022-2026 жылдары жалпы құны 2,6 триллион теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 283 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, биылғы жылдың соңына дейін 173,1 миллиард теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты.