Жол картасы экологиялық мәселелерді оңынан шешпек
Шымкент – еліміздің өнеркәсібі дамыған, туристік әлеуеті жоғары, мәдениет пен өнердің ордасы саналатын үшінші мегаполис. Қаланың экономикасы, сән-салтанатынан бөлек экологиялық ахуалы да жақсы болуы тиіс. Осы мақсатта 2021 жылдың басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен Шымкент қаласының әкімі арасында «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасы» бекітілген болатын.
Қалалық экология департаменті өткен жылы 54 тексеру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, сомасы 20 миллион теңгеден асатын 340 әкімшілік айыппұл салынды. Ал кәсіпорындардан қоршаған ортаға келтірген залалды өндіру үшін 435 миллион теңгеге 36 нұсқама берілді. Сонымен қатар «Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингі арқылы қала аумағында бей-берекет қоқыс үйіндісінің 88 координаттық нүктесі анықталып, аталған орындар аудан әкімдіктері тарапынан тазартылған.
Осыған орай жол картасы аясында елді мекендерді газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына ауыстыру, қаладағы жел бағытын зерттеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуда. Яғни, Тоғыс елді мекені мен «Сайрам» тұрғын алабындағы көп қабатты үйлерден шыққан тұрмыстық лас судың Бадам және Сайрамсу өзендеріне құйылуы тоқтатылып, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылғаны ортақ жұмыстың нәтижесі. Айта кетейік, департамент мемлекеттік экологиялық сараптамамен келісілген 10 жоба бойынша ауаға шығарындылардың төмендеуі жылына 2300 тоннаны құраған. Ал қала бойынша негізгі 4 ірі («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ, «3-Энергоорталык» АҚ, «Стандартцемент» ЖШС) кәсіпорындарынан нақты ауаға шығарындылар 2018 жылы 23590 тоннадан өткен жылы 18461 тоннаға дейін төмендетілген.
Айта кетейік, "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы аясында еліміздегі 16 кәсіпорынның шығарындыларын орташа есеппен 33 пайызға төмендету көзделіп отыр. Бұған 565 миллиард теңге жеке инвестициялар бағытталатын болады. Бұдан басқа, 10 қалада газдандыру немесе баламалы энергия көздеріне жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді ауыстыру, оның ішінде қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру бойынша жұмыс жүргізілмек.