Өңірлерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр
Шымкент қаласында кәсібін ауылшаруашылық саласымен байланыстырған жандар көп. Әсіресе күнделікті халықтың сұранысын қанағаттандырып отырған ет, сүт өнімдерін өндіру ісі қолға алынуда. Бұл салаға әрине мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша кәсіпкерлікті дамыту барысында әсіресе қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілуде екен. Ол бірінші кезекте жылыжай шаруашылығын өркендету, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, сүт өнімдерін өңдеу өндірісіне көңіл бөлу. Бұл орайда 2020 жылы «Taza Onim» ЖШС-нің жылыжайы ашылды. Сүт өңдеп, ірімшіктің түр - түрін шығарып отырған «Эм-Нұр» ЖШС-нің құны 600 миллион теңгелік жаңа жоба да қазіргі таңда табысты жұмыс істеп келеді.
Ал былтыр қаладағы Мәртөбе тұрғын алабында сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылған болатын. Жобаға 300 миллион теңге инвестиция тартылған. Аталмыш цехта күніне 20-25 тоннаға дейін сүт өңделуде. Өңделген сүттен 2,5 тонна ірімшік өнімінің голланд және моцарелла түрі шығарылады. Сұранысқа қарай брынза өнімі де өндіріледі.
Кәсіпорын басшысы Полат Халаевтың айтуынша, алдағы уақытта өнім көлемін 35-40 тоннаға дейін арттырып, өнім түрін көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Мәртөбеден шығарылған сүт өнімдері еліміздің барлық аймақтарын толықтай қамтып отыр екен. Жиырма бес жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Халаев» ЖК кәсіпорын сапа стандарты бойынша жұмыс істеп отыр. Сүт өңдеу цехы Жібек Жолы көшесінде орналасқан.
Сондай-ақ былтыр ашылған «Корно-1» ӨК отандық асыл тұқымды сүтті-етті бағыттағы 50 бас ірі қара мал сатып алып, жұмысын бастаған. Шаруашылықта өндірілген сүт қала аумағындағы қайта өңдеу цехтарына өткізілуде. Шаруашылықта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта, шаруашылық қуаттылығын кеңейтіп, қосымша қора жай құрылысын жүргізіп, мал басын көбейтуді жоспарлауда. Шаруашылыққа сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, 2021 жылдың сәуір айында мемлекет тарапынан 9,8 миллион теңге қолдау көрсетілген.