Ірі кәсіпорынның берері мол
Шымкент қаласының экономикасының өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырған «Asia Trafo» ЖШС зауыты Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Зауыт ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған. Бұл күнде электротехникалық компанияның құрамында электроэнергетика, электромашина құрылысы және құрылыс саласын жүргізетін 30-дан аса кәсіпорындар мен зауыттары бар. Кәсіпорын кернеуі 110 кВ-дан 500 кВ-ға дейінгі автотрансформаторлар және күшті май трансформаторлар, сонымен қатар реакторлар өнімін шығарады. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 12 мың МВА-дан жоғары және 120 трансформатор шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, кәсіпорын отандық құрылыс материалдарын пайдаланады, тек зауыт ішіндегі арнайы қондырғылар ғана Украина және т.б. елдерден келеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын өндірілген өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес, Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға, Қырғызстанға, Иранға, Ауғанстанға экспортталады. Айта кетейік кәсіпорын 500-ден астам қала тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Осының нәтижесінде тек Шымкент қаласы емес, респубика бюджетінің қампаюны зор үлесін қосуда.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласының «Тассай» индустриялық аймағында 12 гектар аумақта орналасқан жоғары технологиялы зауыт Қазақстандағы электротехникалық жабдықтарды жетекші өндіруші «Alageum Electric» компаниясының құрамына кіріп отыр. Еліміздің электротехникалық саласын дамытуда зор маңызы бар кәсіпорын жабдықтары өзіндік бірегей технология бойынша жасалған.
Жобаның жалпы құны шамамен 18,9 миллиард теңгені құраған. Қазақстанның Даму Банкі арқылы зауытқа 8,7 миллиард теңгеге жуық көлемдегі қаржы 12 жылға қарыз ретінде беріліп, Даму банкінің еншілес ұйымы ҚДБ-Лизинг те 5,9 миллиард теңге сомасында қаржыландыру ұсынды. Мамандар зауыттың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жоғары екенін алға тартады. Жобаның жоспарлы қуатқа шығуы кезінде кәсіпорыннан өңір және ел экономикасына 2 миллиард теңгеге жуық салық түсімдері түседі деп күтілуде.