Әйелдердің бизнес бастауына ештеңе кедергі емес
Елімізде шағын және орта бизнестің 40 пайызы іскер әйелдерге тиесілі. Бұл көрсеткіш жыл санап өсуде. Себебі қазір елімізде әйелдердің өз кәсібін ашып, бизнесін дөңгелетуге мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Соның бірі "Мен кәсіпкер боламын" бағдарламасы үшінші мегаполисте қарқынды жүзеге асырылып келеді. Яғни қыз-келіншектер кәсіп ашқысы келсе "Мен кәсіпкер боламын" бағдарламасы аясында 1 пайыздық несиеге қол жеткізе алады. Алайда аталмыш бағдарламаның өзіндік шарттары бар. Бұл несиені тек жастар мен әйелдер ғана ала алады.
Ендеше, аталмыш несиеге қол жеткізу үшін белгіленген талаптарға тоқталсақ:
- 21-29 жас аралығындағы жас кәсіпкер жеке кәсіпкерлігін не заңды тұлға мәртебесінде кәсіп бастағысы келсе, онда осы 1 пайыздық несиені алуына болады. Әйел кәсіпкерлерге де қатысты шарт осыған ұқсас. Жас мөлшері 21-58 аралығында болуы тиіс.
- Қалыптасқан бизнесті дамытамын десеңіз 10 млн. теңгеге дейін несие береді. Пайыздық мөлшерлемесі 1%. Банк шешіміне қарай жеңілдік мерзімі де қарастырылған.
Толығырақ Бизнеске арналған Үкімет «Фрон-офис» – инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан білуге болады.
«Мен кәсіпкер боламын!» бағдарламасы 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады.
1. Жастар және әйелдер кәсіпкерлігіне 1 пайыз жеңілдікпен несие беру (Бұл ретте бағдарламаға 21-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер және 21-58 жас аралығындағы кәсіпкер әйелдер (ЖК немесе заңды тұлға) қатыса алатынын атап өткен жөн);
2. Шағын агрофермаларды ұйымдастыру үшін жер телімдерін беру;
3. Көше саудасы объектілеріне жер телімдерін беру;
4. Электрондық коммерцияны қаржылық ынталандыру;
5. Франшизаны қаржыландыру.
Сонымен қатар кәсіпкерлер заңгерлік, бухгалтерлік қызметтерді, бизнес-жоспарлауды, бизнесті сүйемелдеуді, "Атамекен" ӨКП қызметтерін, ХҚКО, РФ "Даму "КДҚ", кедендік қызметтерді, логистика және рұқсат беру құжаттары бойынша қызметтерді, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігі басқармаларының қызметтерін ала алады.
Айта кетейік, Шымкентте 2025 жылға дейін «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы аясында 100 жобаға несие беру жоспарлануда.