Қуаты мықты кәсіпорын
Шымкентте «Бизнестің жол картасы - 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың демеуімен жеңіл өнеркәсіп саласы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Бүгінде Шымшаһар отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының бірі атанып отыр. Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы кәсіпорындардың көбісі қаладағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Солардың бірі - жыл сайын 24 миллион жұп шұлық шығаратын «Аlem БТ» зауыты.
Зауыт 12000 шаршы метрді құрайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы құрылған зауыт «Жаңа идустриалды Қазақстан» жобасының қатарында болған айрықша обьект.
«Аlem БТ» зауыты Оңтүстік Корея технологиясы бойынша салынған. Аталмыш зауытты алдағы уақытта Еуропалық стандарттарға сай әлемдік брендке айналдыру жоспарлануда.
Өндіріс ошағында 250 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Олар әр түрлі дизайндағы шұлықтар шығарады. Бағасы да қолжетімді. Кәсіпорын басшысы, әсіресе, шет мемлекеттерден өнімге деген қызығушылық жоғары дейді. Қазіргі таңда зауыттағы 90 пайыз өнім экспортқа шығады.
«Өнімдеріміздің басты тұтынушысы көрші Ресей мен Италия мемлекеттері. Сондай-ақ, Қазақстанның кез келген нүктесінде орындарымыз бар. Бізбен серіктестікте істесіп жатқан кәсіпкерлер тауарды көтерме бағада сатып алып, еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізуде»,- дейді «Алем БТ» зауытының директоры Асан Балабиев. Алдағы уақытта инвесторлардың қолдауымен Италияның "Lunati" станоктарын алып қуаттылығын бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда кәсіпорынның беделін арттыру үшін Түркиядан арнайы мамандар келіп жұмыс атқаруда.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы жеңіл өнеркәсіп саласына басымдық берді. Кейіннен мұнай-химия және машина өңдеу салалары қосылып, ауқымын кеңейтіп келеді. Болашақта тағы 22 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. «Бұл инвестициялық жобалараға құйылған инвестицияның құны 55 млрдқа жақындады. Бұл кәсіпорындардың аясында 2600-ге жуық жұмыс орын құрылған. Жалпы өндіріс көлемі 2010 жылдан бері қарай 102 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл тауарлардың 60 пайызы, яғни 60 млрдан сәл асатын көлемі экспортқа шығарылады»,- дейді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев.