Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпорындар
«Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «KazAlPack» ЖШС алюминий банкаларын шығарушы зауыт жұмыс істейді. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен қаржыландырылған «KazAlPack» аллюминий банкалар өндірісінің жалпы ауданы – 20 000 шаршы метрді құрайды. 157 жұмыс орнымен ашылатын жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Орта Азия аумағында бірегей зауыттың максималды қуаты жылына 500 миллион банка шығаруға қауқарлы. Зауыт АҚШ-та өндірілген жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жоба аясында сыраны, шырындарды, газдалған және газдалмаған әлсіз алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған түрлі көлемдегі оңай ашылатын қақпақтары бар, алюминий банкілері шығарылады. Кәсіпорын Қазақстан нарығының 80% — на дейін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Маңызды фактор – экологиялық аспект. Алюминий банкі – әлемдегі ең экологиялық таза және қайта өңделетін қаптама. Алюминий банкалардың жартысынан көбі қайта өңдеуге жіберіледі. Оны қайта өңдеуге және қайтадан шексіз пайдалануға болады. Компания бюджетті қомақты қаржымен толықтыратын, өңірдегі ірі салық төлеуші болмақ.
«Оңтүстік» индустриалды аймағындағы сәтті жұмыс істеп тұрған келесі кәсіпорын - «Фирма Дана» ЖШС. Шыны өндіруші кәсіпорны қазіргі таңда қарқынды жұмыс істеуде. 2012-2014 жылдары жүзеге асырылған кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр шыны өндіруде. Жоба құны – 500 миллион теңге. Бүгінде 55 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Дайын өнімдерді 100 пайыз ішкі нарыққа шығарады. Шымкент қаласындағы әйнек өндірісіне маманданған бірден-бір кәсіпорын. Жаңа технологияға негізделген шыны қыста үйдегі жылуды сақтаса, жазда бөлмедегі температураны бірқалыпты күйде ұстайды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие қарызын субсидиялау, индустриалды аймақтан жер беру сынды мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.