Бірегей жоба іске аспақ
Егемен ел болғанымызға 30 жылдан асып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Осыған орай Еңбекші ауданында бірқатар нысан ашылу жоспарлануда. Соның бірі және бірегейі "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймақта «Шымкент химиялық компаниясы» жанармай өңдеуге қажетті химиялық қоспа (Метил-трет бутил эфир – МТБЭ) және пластикалық материалға қажетті (полипропилен) ұнтақтарды шығару зауыты болмақ.
Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Бұл оған ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндік береді. «ШХК» ЖШС зауытын ресми іске қосу қазақстандық мұнай-химия саласының сапалы жаңа деңгейге көшуінің бастамасы болмақ. Өйткені кәсіпорын жаңғыртылған Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ШМӨЗ) мұнай-газ химиясы шикізатын өңдеу тереңдігін елеулі дәрежеде арттыруға мүмкіндік береді. Енді, өңірде этилденбеген автомобиль бензиндерін алу кезінде пайдаланылатын құрамында оттегі бар негізгі жоғары октанды компоненттердің бірі – МТБЭ өз өндірісі жолға қойылғандықтан, мұнда еуро-4 және еуро-5 экологиялық класты отын өндірілетін болады.
«ШХК» ЖШС бас директоры Манат Бибасовтың айтуынша, бүгінгі таңда жаңа зауыт өнімдерінің басты тұтынушысы – ШМӨЗ. Қазір барлық өндірістік процестер жолға қойылды, мұнай-химия өндірісіне лицензия алынды. Кәсіпорын мұнай-химия саласының өнеркәсіптік тұтынушыларының тізбесіне енгізілген.
Зауыт құрылысы, жабдықтарды сатып алу Қазақстан даму банкінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, ол Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 жылға дейінгі мерзімге 9 миллиард теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетті. Жобаның жалпы құны 13,7 миллиард теңгені құрады, осылайша қалған бөлігін 4,7 миллиард теңге көлемінде «ШХК» ЖШС өз қаражаты есебінен салып отыр.
Айта кетейік, Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын жақсартып, қолайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Шымкент қаласының 5 жылдық даму жоспары бекітіліп, негізгі басымдықтары айқындалды. Бірінші басымдық – кәсіпкерлік және өнеркәсіпті қолдау. Үшінші мегаполис Президенттің Жолдауына қолдау ретінде көптеген жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.