Жасынның жоспары мықты
Шымкентте 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында мемлекеттік грант беру жұмысы жалғасуда. Қала бойынша бірінші лекте 226 адам мемлекеттік гарнтқа қол жеткізіп, өз ісін бастаған. Солардың қатарында Жасын Қарсақбаев та бар. Ол төрт баланың әкесі. Мемлекеттік грантқа тиісті құжаттарын өткізіп, бизнес жоспарын комиссияның алдында сәтті қорғап, нәтижесінде тиісті грант қаражаты тағайындалған. Мемлекеттің қолдауы Жасынның өз ісін бастауға зор мүмкіндік берген. Бүгінде ол көлік шанағын бояумен айналысуда. Бір өзі емес, тағы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Алған қаражаттарына көлік бояуға арналған бірнеше заманауи құрал-жабдықтар сатып алған.
”Еңбек - бәрін жеңбек” деген қанатты сөзді өзіне ұран еткен Жасын Қарсақбаевтың болашаққа құрған жоспары ауқымды. Ол аладғы уақытта бизнесін одан әрі кеңейтуді көздейді және өзі секілді азаматарға қол қусырып отыра бермей, тәукелге бел буып, мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, бизнес жоспар жасап, кәсіп бастауға кеңес берді.
Айта кету керек, ағымдағы жылы мемлекеттік гранттың бірінші легіне 400-ден астам адам құжат өткізсе, арнайы комиссия 226 адамның ғана бизнес жоспарын мақұлдаған. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша қайтарымсыз қаржыға - бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар үміткерлер болып табылады.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз– әртүрлі мамандыққа, мысалы: шаштараз, аспазшы, жихаз құрастырушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға қысқа мерзімді курстардан өту болып табылады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсы – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы базасында өтеді.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты - қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады.