Насихат бар жерде жұмыс бар
Бүгінде азаматтар арасындағы кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау, тиісті қаржылай көмек көрсетілуде. Тұрғындарың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру оларды үнемі ақпараттандырумен де байланысты. Яғни әсіпкерлікті кеңінен насихаттау өте маңызды. Осы ретте Шымкент қаласында кәсіпкерліктің дамуына әлеуметтік желілердің де көмегі тиюде.
Шымкент қаласының тұрғыны Айгерім Ережепова көпбалалы ана. Жасы 32-де. Мамандығы - дизайнер. 2016 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келеді.
2022 жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram парақшасынан сәуір айында мемлекеттік грантқа құжат қабылдаудың басталатындығы туралы хабарландыруға көзі түскен ол тұрғылықты мекенжайы бойынша көпбалалы санатымен тиісті құжаттарын өткізеді. Уақыты келгенде арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, оған грант (400 АЕК) тағайындалады. Алған қаражатына заманауи үлгідегі цифрлы тігін машинасын, ноутбук және т.б. қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады.
Қазіргі таңда кәсіп иесі тапсырыспен матамен байланысты түрлі бұйымдарды тігуде. Тіпті instagram-нан парақшасын да ашқан.
- Адам алдына қойған мақсатына жету үшін әрекет етуі керек. Еңбектенуі тиіс. Сонда ғана қандай да бір жетістікке қол жеткізе алады. Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға мемлекеттің қолдауы көп. Соның бірі - мемлекеттік грант. Жеке, шағын кәсібін бастауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндік маған да туды, - дейді Айгерім Ережепова.
Айта кетейік, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған.