Жеке кабинетін ашты

Oinet.kz 03-10-2022 402

image.png

Үшінші мегаполисте мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашып, қаламыздың кәсіпкерлігін  дамытуға өз үлесін қосып отырған жандар жеткілікті. Солардың бірі 57 жастағы қала тұрғыны Закира Байзақова.  Мамандығы - балалар психологы. Әйел ІІІ-топтағы мүгедек. Ол осы жылдың сәуір айында бірінші лек бойынша мемлекеттік грантқа құжат өткізген. Арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарына сәтті қорғаған оған мемлекеттік гранттың тиісті қаражаты тағайындалған. Қазіргі таңда балаларға арнап психологиялық-педагогикалық кабинет ашып қызмет көрсетіп отыр.

- Мен 30 жылдан бері балалар психологы болып жұмыс істеймін. Мектептерде, балабақшаларда жұмыс істедім. Ал, жеке кабинет ашу арманым болатын. Бірақ қаражат қолбайлау болды. Мемлекеттік грант санатына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қосылғанын біліп қатты қуандым. Тәуекелге бел буа бағымды сынап көрейін деп құжат тапсырдым. Нәтижесінде грант қаражаты тағайындалды. Алған қаржыма кабинетіме қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бүгінгі таңда бірнеше балаға қызмет көрсетіп жатқан жайымыз бар, - дейді Закира Байзақова. 

Айта кету керек, мемлекеттік гранттың бірінші легі бойынша 226 азаматқа грант қаржысы тағайындалып, олар бүгінде кәсіптерін бастап жатыр. Жыл соңына дейін бірнеше лек бойынша 1150 адамды қамту көзделген.

Жалпы мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Мемлекеттік грант алуға  тіркелген жұмыссыздар; 29 жасқа толмаған,3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үміткер бола алады.   Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.


Кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесі құрылды
Жобалар жемісін беруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу