Жобалар жемісін беруде

Oinet.kz 03-10-2022 239

image.png

"Қазақстан-2050" стратегиясында Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіргізу мақсаты қойылды. Дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу. Елбасы әрбір маңызды басқосуда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде айтып, тиісті тапсырманы беріп те жатыр. Осыған орай, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көптеген ұлттық жобалар жүзеге асырылып, жемісін де беруде. Мәселен мемлекеттік грантпен талай адам кәсіпкер атануда. Солардың бірі  Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Шонықбай. Оның жасы 27-де. Ол ағымдағы жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, сәуір айында мемлекеттік грантқа үміткер ретінде жастар санатымен (29 жасқа дейін) құжат өткізген. Оның кондитерлік өнімдер дайындау бизнес жоспарын комиссия мақұлдап оң қорытындысын берген. Көп ұзамай тиісті грант қаражаты тағайындалып, оған кәсібін бастауға арналған бірнеше құрал-жабдық сатып алған. 

- Мемлекеттің осынау қолдауы кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен мотивация. Қармақ берді, ары қарай алып кету әркімнің өз қолында. Шын ниеті бар адам кез-келген істі алып кетеді. Оған сенімдімін. Қиындықтар болмайды емес, болады. Оны жеңетін бір-ақ нәрсе бар. Ол - еңбек, - дейді Лаура Шонықбай. 

Салаға жауапты мамандардың мәліметінше ағымдағы жылы барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған болса, бірінші кезеңде 225 азаматқа грант тағайындалған.

Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Мемлекеттік грант алуға  тіркелген жұмыссыздар, 3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үміткер бола алады.   Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және оның жұбайына  төленетін жәрдемақы алушылар; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. 

Жеке кабинетін ашты
Жобалар жемісін беруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу