Балалар тегін тамақтанады
Мектепте оқушылардың тегін тамақтануы Tolem жүйесі арқылы іске асырылуда. Жаңа жүйе жаңа оқу жылында асханалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін 54 мектепте қолданыла бастады. Қолдарында Tolem картасы бар 1-4 сынып оқушылары мен жоғарғы сыныптардағы тиісті санатқа жататын оқушылар тегін тамақтанады. Осылайша қоғамдық көліктерде қатынау үшін қолданылатын Tolem картасы енді оқушылар үшін әмбебап картаға айналған.
Мектеп асханасындағы ыстық тағамға картамен төлем жасау жүйесі қоғамдық көлікке жолақысын төлеу жүйесімен кіріктірілген. Дегенмен, бұл картаға тамақтануға қажет ақша салу дегенді білдірмейді. Ата-аналар бұрынғыдай баласының картасында жолкіреге жететін ақшаның болғанын қадағаласа, жеткілікті. Ал тамақтану ақысы басқаша төленеді, - дейді «Qaz Smart Trans» ЖШС бас директоры Сержан Ақылбаев. «Біз Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың өтінішімен қаладағы 54 мектепке терминал орнаттық. Ыстық тамақпен қамтамасыз етілген оқушылар асханаға келгенде карталарын осы терминалға басады. Tolem жүйесі ыстық тамақ алған әр оқушыны белгілеп отырады. Ал айдың соңында білім басқармасының мамандары тамақтанған баланың санын көре алады. Осылайша бюджет қаржысы да үнемделеді. Себебі, бұған дейін тамақтанып жүретін оқушы 1-2 күн келмей қалса, ол белгілене бермейтін. Қаржы оқушының барлығына бөлінетін. Бұған қоса біздің төлем жүйесі ұлттық білім беру мәліметтері қорымен де кіріктірілген. Онда, мұғалімдердің мәліметі бойынша, оқушылардың ауырған және мектепке келмеген күндері жазылып тұрады. Яғни, оқушы сырқаттанып қалса немесе асханаға келмесе, картасын басқа біреуге бере алмайды. Жүйе өткізбейді»,- дейді ол.
Жоғарыда аталып өткендей, бұл жүйе Шымкентте әзірге 54 мектепке орнатылып отыр. Ал жаңа жылдан кейін жаңа жүйе қаладағы қалған мектептерде де енгізіледі деп күтілуде.