Шымкентте балық емес қармақ алып, кәсіп ашқандар көп

Oinet.kz 03-10-2022 311

image.png

Былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған  жанның бірі шымкенттік  – Айнұр Төкеева.  Ол бизнес жоспарына сәйкес бірнеше оргтехника сатып алып, азаматтарға түрлі бағытта қызмет көрсететін (көшірме, түптеу, басып шығару, электронды қызметтер және т.б.) шағын орталық ашқан. Бүгінде кәсібінің жемісін көріп, ұлғайтып отырған жағдайы бар. «Мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Осы кәсіпті кеңейтіп, бір мезетте бірнеше адамға қызмет көрсететін үлкен орталық ашқым келеді. Бастысы - ниет болу керек. Тәуекел ету, ерінбеу, іздену керек», - дейді кәсіпкер. 

Ал Айдос Әбенов болса  кәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз қаржыға автокөліктерге детейлинг қызметін көрсететін құрал-жабдықтар (арнайы химиялық тазалауға арналған шаңсорғыш, құрғақ тұман, торнадор) сатып алған. Бүгін таңда ол шағын ғана бокста (гараж) көліктерге детейлинг қызметін көрсетіп, табыс тауып отыр. «Кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыдым. Сертификат алдым. Тәуекелге бел буып грантқа өтінім білдірдім. Мақұлдады. Жалпы, грант арманым болып жүрген кәсібімді бастауға көп көмегін тигізді. Өзім сияқты жастарға айтарым, кәсіп бастаңыздар. Мемлекеттің қолдауы бар», - дейді ол.

Былтырғы жылы грантқа ие болғандардың қатарында Айдын Ниязбаева да бар.  Жұмыссыз ретінде тіркелген 29 жастағы тұрғынның арманы өз кәсібін ашу болған. Бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланған ару  мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтінім беріп, тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде комиссия оның шағын баспа өнімдерін шығаруға арналған бизнес жобасын мақұлдап, көп ұзамай тиісті қаражат тағайындалған. Нәтижесінде баспа қызметіне арналған түрлі-түсті принтер мен ноутбук сатып алған. Бүгінде инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, визиткалар, қызметтік куәліктің жапсырмаларын, алғыс хаттар мен басқа да баспа өнімдерін шығаруда.

Айта кетейік, Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты - кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету: халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту; экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену; кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар – бәсекелестікті кешенді дамыту болып табылады.

Жастарға қанат бітірген жоба
Балалар тегін тамақтанады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу