Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – экономиканы дамытудың жолы
Шымкентте мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында инвестордың көмегімен 500 орындық мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілген болатын. «New line school — сингапурлық білім жүйесіне негізделген. 0-4 сынып оқушылары еркін форматта білім алады. Бір сыныпта 14-15 оқушы оқиды. Музыка және таңдауына қарай ағылшын, кәріс, итальян, корей тілдері тереңдетіліп оқытылады. Қосымша шығармашылық және спорттық үйірмелер де бар», — деді білім ұясының құрылтайшысы Гүлнара Әшірәлі.
Оқушылардың сапалы білім алуына мұнда барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Заманауи құралдармен жабдықталған сынып кабинеттері, музыкалық , компьютер, спорт, медпункт, асхана бөлмелері жаңа оқу жылына дайын. 30-ға жуық білікті ұстаз білім береді.
Айта кетейік, биыл Шымкентте жеке инвесторлардың есебінен 26 мектеп ашылған. Жаңа оқу жылында 28 мың бала 1 сыныпқа барды. Жеке инвесторлардың колдауымен ашылған мектептер қаладағы білім нысандарында үш ауысыммен білім алу мәселесін шешуде. Сондай-ақ жоба аясында жеке инвестор есебінен 54 мектеп асханасы ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша жабдықтармен қамтылған. Олар — мұздатқыш, тамақ пісіру құралдары, жиһаздар, ыдыс-аяқтар, бейнебақылау камералары. Және жоба аясында 320 орындық балабақша мен 150 орындық өнер мектебінде қазіргі уақытта жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысы Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызын атай отырып, әріптестік әлеуметтік нысандардың құрылысында кеңінен қолданылатынын атап өткен болатын. Сондай-ақ, Президент алдына инфрақұрылым, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты басқа да салаларда мемлекет пен кәсіпкер арасында «алтын көпір» салатын әріптестікті нығайту мәселелерін пысықтауды тапсырды.
МЖӘ – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Яғни, аталған бағытқа инвестиция тартудың маңызды құралы. Сондай-ақ, МЖӘ мемлекет пен бизнес құрылымдарының орта немесе ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік маңызы бар салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы. Бұл байланыстың негізінде жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдар салынып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Бюджетке түсетін салмақты да азайтып, салық түсімдерін көбейтуге де жол ашады.