Шымкентте инсулинді шприц, иенлер шығаратын зауыт іске қосылды
Шымкентте Тәуелсіздік күнінің қарсаңында бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов «GREEN CROSS ECO» компаниясының «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан инсулинді шприцтер мен оның инелерін өндіретін зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, лентасын қиды.
–Тәуелсіздік жылдарында елімізде индустриаландыру саясаты белсенді түрде жүргізіліп келеді. Шымкенттің өзінде 2 индустриалды, 1 арнайы экономикалық және 1 көлік-логистикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Қазір тағы 3 индустриалды аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгін ашылып отырған кәсіпорынның да маңызы өте зор. Бұған дейін қант диабеті бар азаматтарға қажетті инсулин шприцтері мен инелері шетелден иммортталатын еді. Енді оның орнын «GREEN CROSS ECO» компаниясы шығаратын отандық өнім алмастырып отыр. Инновациялық технологиялар негізінде жұмыс істейтін осындай кәсіпорындардың көбеюі Шымкентте біліктілігі жоғары мамандар шоғырының қалыптасуына әсер етеді, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын қызметкерлерін Тәуелсіздік күні мерекесімен және зауыттың ашылуымен құттықтады.
Шаһар басшысы Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығында осындай заманауи кәсіпорындар көптеп ашылып, Шымкент елдегі ірі өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 диагностикалық жиынтығын өндіре алады.