Қырымбек Көшербаев: Шымкент экономикасына 1,3 триллион теңге инвестиция тартылды
Бүгін Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері, барлық саланың мамандары мен еңбек азаматтары қатысты.
Салтанатты жиында Қырымбек Көшербаев қала тұрғындарын еліміз үшін маңызды тарихи белеспен құттықтай отырып, қазақстандықтар осы жылдарда тұғыры мығым, қуатты мемлекет құра білгендігін атап өтті.
«Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Халқымыз мақтан ететін еліміздің барлық өңірлерінде де ұланғайыр жасампаздық істер атқарылды. Мұның өзі біздің қуатты ел екенімізді паш етті. Сіздердің қалаларыңыз да басқа өңірлер сияқты ел экономикасының дамуына жылдан-жылға үлес қосып келеді. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан үшінші мегаполис, қазақылықтың қаймағы сақталған шырайлы Шымкент қаласына Елбасының Жарлығымен арнайы статус берілгеннен кейін шаһардың дамуы тың серпін алды. Индустриаландыру бағдарламасы бойынша жалпы құны 221,5 миллиард теңгені құрайтын 127 жоба іске асты. 2018 жылдан бері қала экономикасына 1,3 триллион теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта да бұл қарқынды төмендетпеу керек»,-деді Мемлекеттік хатшы.
Қырымбек Көшербаев ұлысымыз үшін ұлық, мемлекетіміз үшін мәртебелі мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Шымкент шаһарының тұрғындары да бар екенін айтып, еліміздің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген 34 азаматты қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге табыстады.