Жәрмеңкеге құрылыс компаниялары қатысуда

Oinet.kz 30-11-2021 2191

Screenshot_2.jpg

Шымкенттегі «Көрме орталығында» Отбасы банкінің қалалық филиалы ұйымдастырған жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аталмыш іс-шараға елімізде және мегаполисте құрылыс жобаларын іске асырып жатқан «Оңтүстік Құрылыс Сервис», «BI Group», «АРТ-Құрылыс» секілді ірі құрылыс компаниялары және банк кеңесшілері мен жергілікті әкімдік өкілдері қатысуда. Жәрмеңке барысында келушілер тұрғын үйлерді салыстырып, таңдап, тұрғын үй құрылысын салушы компанияның өзінен тікелей жеңілдік ала алады. Сондай-ақ Отбасы банк кеңесшілері тұрғындарға несие төлемдерін есептеп, алдын ала мақұлдау құжаттарын дайындап береді. Ал әкімдік қызметкерлері баспана кезегіне тұру жөнінде маңызды ақпаратпен бөлісіп жатыр. 

Ескере кетейік, Отбасы банк салымшылары құрылыс салушылардан дайын пәтермен бірге пайдалануға енді тапсырылатын пәтерлерді де сатып ала алады. Несие мөлшерлемесі 5-8,5% аралығын құрайды. Күні бойы жалғасатын жәрмеңкеде келушілердің 40 тұрғын үй кешенін салған, 1000-нан астам пәтер ұсынған оншақты құрылыс компаниясының өнімдерімен, жұмысымен танысуға мүмкіндіктері бар. 

Банк өкілдерінің айтуынша, қазір таңда шымкенттіктер арасында баспаналы болу ниетімен Отбасы банкінде қаражат жинап жатқандар саны көп. Биылғы жылдың өзінде 35 125 азамат жаңа депозит ашқан. Салымдарға деген үлкен сұраныс несие мөлшерлемесінің қолжетімді болуымен түсіндіріледі. Алғашқы жарнаны толтыру үшін депозитке қаражат жинаса болады. Сосын салымшыларға 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік беріледі. Жыл басынан бері 3527 қала тұрғыны осы мүмкіндікті пайдаланып, қоныс тойын тойлап үлгерді. 

Ал үй немесе пәтер алуға шешім қабылдай алмай жүргендер, яғни тұрғын үй мәселесіне әлі белсене кірісе алмай жатқан банк салымшыларының депозиттеріне жыл сайын 2% сыйақы және 20% мемлекеттік сыйлықақы қосылып отырады. Осы арқылы банк клиенттерге баспана қаражатын тезірек жинақтауға көмектеседі. 

– Жыл соңына дейін банктің әрбір салымшысы шотына 200 АЕК немесе 583 400 теңгеге тең қаражат жинау қажет. Осы шарт орындалса, мемлекеттен ең жоғары сыйлықақы алуға болады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 116 мың 680 теңгеге тең, - дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Шымкент әуежайының жолаушылар терминалының екінші кезеңі аяқталуға жақын
713 кәсіпорында 32,6 мыңнан астам адам жұмыс істеуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу