713 кәсіпорында 32,6 мыңнан астам адам жұмыс істеуде
Елбасы мемлекет дамуының стратегиялық басымдықтарын бекітті. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанда заманауи индустриялық саясат қалыптасты. Бүгін «Түркістан» сарайында Тұңғыш Президент күніне орай өткен мерекелік шарада сөйлеген сөзінде қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
«Тәуелсіздік дәуірінде Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Оның бір қатарына тоқталар болсам, Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанда заманауи индустриялық саясат қалыптасты. Соңғы жылдардың өзінде елімізде 1500-ден астам жаңа өндіріс іске қосылып, 700 жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Қазақстанда шығарылған туарлар әлемнің 110 еліне экспортталуда. 2009 жылдан бастап өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 3 есеге ұлғайды»,-деді қала басшысы.
Сонымен қатар қала басшысы тәуелсіздік жылдары Шымкент қаласының экономика саласында жеткен жетістіктеріне тоқталды.
- Шымкент қаласы - Республиканың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдайы бойынша өнеркәсіп саласында 713 кәсіпорындар белсенді жұмыс жасауда, оның 25 ірі және 46 орта кәсіпорындар. Онда 32,6 мыңнан астам адам жұмыс жасауда.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 555,8 млрд. теңгені (2020 ж. 9 айы –
474,0 млрд.тг.) құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 81,8 млрд.теңгеге немесе 6,5 пайызға артты (нақты көлем индексі (НКИ) – 106,5%).Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы 7 орында.
Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемі 710,0 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 102,5 пайыз болады деп болжануда, - деді қала басшысы.