Шымкент атауы қайдан шыққан?
Бүгінде тарихи туризмнің орталығына айналып келе жатқан Шымкенттің атауына қатысты тарихшылар арасында әртүрлі болжамдар бар.
– Біздің өлкеміздегі кейбір қалалар мен өзен-су атауларының шығу тегі және сол атаулардың этимологиясын нақтылау жайында зерттеушілер осы күнге дейін бір тұжырымға келе алмай жүр. Бұл мәселе – Шымкент атауына да қатысты. Мысалы, Бартольд, Радлов, Савин, Розов сынды атақты орыс ғалымдары – оның атауын көне соғды тіліндегі «шим», «шимин» «шемен», яғни «көк жайлау», «жасыл алқап» дегенді ұқтыратын сөзіне – парсының қала ұғымын білдіретін «кент» сөзі жалғану арқылы пайда болған деп тұжырымдайды. Егер осы тұжырымға нансақ, Шымкент атауы – жасыл алқапта пайда болған қала дегенді білдіреді екен. Кейінгі зерттеушілердің барлығы да осы тұжырымды қуаттайды. Бірақ былай қарасаң, Оңтүстікте жасыл алқапта пайда болған қала бір ғана Шымкент емес қой. Негізінде, Шымкент атауы – «шым» деген сөзге байланысты шыққанына ешкімнің шүбәсі болмауы керек. Ал «шым» – өз ата-бабамыздың төл сөзі. Анықтап айтқанда, «шым» – кәдімгі өзен жағасындағы саздан ойылып бетінде көгалы немесе майда өскін шөбі бар ылғалды лай басқан топырақ кесіндісі. Ертеректе осы жердің тұрғындары Қошқарата жағасындағы ылғалды саздан шым ойып алып, үй тұрғызған. Уақыт өте келе, үйлер көбейіп, бұл жер үлкен қонысқа айналған. «Шым» атауына қала ұғымын білдіретін «кент» сөзі жалғанып, «Шымкент» атанған,-дейді белгілі тарихшы, өлкетанушы, «Шымкент қаласының тарихы» кітабының авторы Момбек Әбдәкімұлы.
Шымкентте тарихи туризмді дамыту бағытында біраз жобалар қолға алынуда. Мегаполистің тарихи орны- «Ескі қалашық» жаңа келбетке ие болды. Мұның бәрі де Шымкенттің туристік әлеуетіне оң әсер етері анық.