Тәулігіне 3 тонна кәмпит пен 3 тонна сағыз
Шымкенттегі «Nurtau distribution company» кондитерлік фабрикасы «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Жалпы 2016 жылы ашылған бұл аймақта 18 кәсіпорын бар. Аумағы 89 гектарды құрайтын индустриалды аймаққа 5 жылда 28 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл кәсіпорындарда 1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда тағы 16 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Оған 11 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылады деген жоспар бар. Жыл соңына дейін оның екеуі іске қосылатын болса, жаңадан 70 жұмыс орны ашылады деген сөз.
Ал біз мысалға алып отырған «Nurtau distribution company» кондитерлік фабрикасы тәулігіне 3 тонна кәмпит пен осынша көлемде сағыз шығарады екен.
— Біздің кәсіпорында екі ауысыммен 200 адам жұмыс істейді. Кәмпиттің 20 түрін, ал, сағыздың 25 түрін өндіреміз. Күніне 6 тонна өнім өндіреміз. Біздің өнімдер экологиялық тұрғыда таза, оның құрамында адам ағзасына зиян келтіретін ешқандай қоспалар жоқ. Сондықтан өнімдерімізге сұраныс өте жоғары, — дейді компания директорының орынбасары Ұлжалғас Бегайдарова.
Индустриалды аймақта инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
—Индустриалды аймақтар қала экономикасының дамуына зор үлес қосып жатыр. Олар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер десек те артық айтқандық емес. Себебі, өндірістік аймақтарда дайын өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайданың бір бөлігі шаһар бюджетіне салық ретінде түседі, - дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.