Циркте иппотерапия жүргізіледі
Бұдан былай Шымкент Цирк мекемесінде «Жылқыға мініп жаттығу» шеберлік сағаты өтетін болды. Оған қаладағы қосалқы мектеп-интернаттың әзірге 15 оқушысы қатысуда. Ата-аналары алып келіп, атқа мінгізіп, иппотерапиядан өтуде.
Айта кетейік, Шымкент Цирк аумағында жақында ипподро алаңы ашылған. Иппотерапия сол ипподромда өтеді. Бұл сал ауруына шалдыққан балалар үшін таптырмас ем-дом шарасының бірі.
«Шеберлік сағаты барысында балалар атқа мінісімен көңілдері көтеріліп, жақсы эмоиялар пайда болады» дейді мамандар. Ал бұл ауру бала үшін өте қажет терапия. Себебі иппотерапияға қатысқан балалардың басым көпшілігінде ой-өрісінің кеш дамуы, қимыл-қозғалысының әлсіздігі бар. Ал оны емдеуге жылқыға мініп жаттығу көмектеседі.
Атқа міну арқылы емдеудің тиімділігі жоғары екенін дәрігерлер ұдайы айтады. Атпен серуендеу ең алдымен тамаша массаж. Ат үстіндегі адамның барлық бұлшық еті жұмыс істейді.
«Иппотерапия дене белсенділігі артырады, психикалық оңалудан өтуге үлес қосады, цеберальды сал ауруларын оңалтуда септігін тигізеді, ойлау қабілетін жақсартады, бойдағы қорқыныш пен үрейден арылтады» дейді дәрігерлер.
Олай болса Шымкент цирк мекемесінің жанынан ашылып отырған бұл шеберлік сағаты ерекше балалар үшін өте қажетті шара. Содан да болар ерекше баласы бар ата-аналар осындай мүмкіндік жасап отырған цирк ұжымына алғысын білдіруде.