Өңірлік кәсіпкерлік картасы өндірісті дамытуға негіз болуда

Oinet.kz 06-09-2021 653

Screenshot_5.jpg

Шымкенттің өнеркәсібі өркендей түскен.  Мысалы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласының 87 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 566,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 68,8 млрд теңгеге артқанын көрсетеді. Биыл бұл мамандар бұл меже иігін бағындырып, табысқа тағы да қол артарымызға сендіруде.

Десек те, карантиндік режим тауар өндіруші кәсіпкерлердің аяғына әжептеуір тұсау салып отырғаны да жасырын емес. Экспорттың шектелуі, тұтыну нарығының кең қанат жая алмауы өңдеу өнеркәсібі тауарларына деген сұранысты азайтты.

Қиындыққа қарамастан қарекет етіп жатқандар баршылық. Содан да болар, Шымкентте өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында өсу динамикасы байқалады. Мысалы, фармацевтика өнеркәсібі 66,1%-ға, машина жасау 38,6%-ға, тамақ өнеркәсібі 18,4%-ға, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру 10,3%-ға, металлургия 2,6%-ға өскен. ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 366,9 млрд. теңгеге 5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен 45 жоба 5 жылдыққа іске асады. Оның ішінде бүгінгі таңда 22 жоба іске қосылып, 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

–Соңғы кездері іске қосылған жобалардың ішінде әсіресе, дизельді генераторлар шығаратын «New technology Ltd» ЖШС-ін, қантты және қатты печенье өндірісі желісін қосқан «Рахат-Шымкент» ЖШС-ін, жазу қағаздарын шығаратын «Qagaz ordasy» ЖШС -ін атар едім. Бұлардың бәрінде де кемі отыздан астам жұмыс орны ашылды. Ал, шоколадты кәмпиттер мен сағыз шығаратын «NURTAU distribution company» ЖШС -і 60 жұмыс орнын ашса, дымқыл майлықтар шығаратын «DALSAN (ДАЛСАН)» ЖШС 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан бөлек аяқ-киімнің табанын жасайтын фабрика «СП «LuxShoes» ЖШС- нің де жұмысы қарқын ала бастаған. Жобалық құны 290 млн.теңгені құрайтын бұл өндірістің өрісі кеңейе түседі деген үміт бар.  Шыныпластикалық арматуралар шығаратын «ЮжСтройСервис» ЖШС-ін де мақтанышпен айтуға болады, -дейді  Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке ДҮЙСЕБЕКОВ.

Шымкентте кәсіпкерлікті дамыту барысында әсіресе қалаға кейіннен қосылған елді мекендердің әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілуде. Ол бірінші кезекте жылыжай шаруашылығын өркендету, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, сүт өнімдерін өңдеу өндірісіне көңіл бөлу. Бұл орайда былтыр «Taza Onim» ЖШС-нің жылыжайы ашылған болатын. Сүт өңдеп, ірімшіктің түр - түрін шығарып отырған «Эм-Нұр» ЖШС-нің құны 600 млн. теңгелік жаңа жобасы да өз нәтижесін беруде. 

Айта кету керек, қала аумағында индустиралды екі аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеуде. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 21 жоба жүзеге асуда. Оларда жалпы алғанда 1690 жұмыс орны бар. Былтыр осы жобалар санатына тағы 6 кәсіпорын қосылып, қосымша 208 жұмыс орны ашылды.

Жалпы алғанда аймақта 2010-2020 жылдары 76,07 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 47,9 млрд. теңгенің өнімі экспортталды. Аймақ құрылғалы мемлекеттік бюджетке 5,1 млрд.теңге салық түскен.

Ал, 2 индустриалды аймақтарда («Оңтүстік – 337 га және «Тассай» - 89 га) 134,7 млрд. теңгенің 128 жобасын жүзеге асыру, 7 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, былтырға дейін соның 89 жобасы іске қосылды. Оларға 89 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл 6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жалпы индустриалды аймақтар құрылғалы бері бюджетке 19,5 млрд. теңге салық түсімі түскен.

Шымкенттік кәспорын - Қазақстанның көшбасшылар үштігінде
Циркте иппотерапия жүргізіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу